Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

24 наурыз 2009
Финляндия Республикасына мемлекеттік сапары аясында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының Премьер-Министрі Матти Ванханенмен және Финляндия Парламентінің спикері Саули Ниинистомен екіжақты кездесулер өткізді.

Матти Ванханен мен Нұрсұлтан Назарбаевтың кездесуінде үкіметаралық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды, онда үстіміздегі жылдың соңына дейін Қазақстан-Финляндия Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысын өткізу туралы, сондай-ақ екі елдің министрліктері мен ведомстволары арасында делегациялар алмасулар туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


Финляндия Парламентінің спикерімен кездесуде әңгіме парламентаралық байланыстарды нығайту жөнінде өрбіді. Кездесу аяқталған соң Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Хиетаниеми» мемориалдық кешеніндегі Батырлар кресті мен маршал Маннергеймнің ескерткішіне гүл дестелерін қою рәсіміне қатысты.


Осыдан кейін Қазақстан Президенті Финляндияның беделді сыртқы саяси ұйымы саналатын «Паасикиви» академиялық қоғамының мүшелерімен кездесті. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың фин тілінде жарық көрген «Қазақстан жолы» кітабының таныстырылымы болды.


- Мен құрметті қауымға өзімнің «Қазақстан жолы» кітабымды таныстырғаныма қуаныштымын. Бұл кітап біздің мемлекетіміздің жаңа тарихындағы ең қиын әрі жарқын кезеңдер туралы және біздің қазіргі заманғы және тәуелсіз Қазақстанды құру үшін қандай күш-жігер жұмсағанымыз жайлы сыр шертеді, - деді Мемлекет басшысы кітаптың таныстырылымында.


Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кітабының басты кейіпкерлері – Қазақстан халқы: оның айтулы тарихы, қазіргі заманғы тағдыры мен жарқын болашағы екендігін атап өтті.


Сол күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Финляндия Республикасының Президенті Тарье Халоненнің атынан мемлекеттік қабылдау болды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар