Жаңалықтар

14 маусым 2013
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапар аясында Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесті

Мемлекет басшылары экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аспектілерін талқылады.

 

Мемлекет басшылары экономикалық, ғылыми-технологиялық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимыл аспектілерін талқылады. Сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан Президенті бұл кездесу И.Каримовтың былтырғы сапары аясында жүргізілген Қазақстан-Өзбекстан келіссөздерінің жалғасы болып саналатынын атап өтті.

- Қазақстан мен Өзбекстан – өңіріміздегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті, сауда мен әл-ауқаттың артуын қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттер. Біз ортақ жауапкершілікті терең сезіне отырып, жағдайға келіссөздер жолымен ықпал етуге ұмтыламыз. Өңірде су ресурстары, энергетика, азық-түлік жөнінде бірқатар мәселелер бар, халықаралық тәжірибедегідей, біз оны басқа мемлекеттердің араласуынсыз өзіміз шешуге тиіспіз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарда ешқандай даулы мәселелер жоқ екенін атап өтті.

- Мен келіссөздерімізді жоғары бағалаймын. Өзіміз қол жеткізіп отырғандай, бүгін елдеріміз арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартқа алғаш рет қол қойылатын болады. Бізде Мәңгілік достық туралы базалық шарт та бар. Екі елдің Үкіметтері жұмыс жүргізіп, қол қойылғаннан кейін қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге шығаратын құжаттарды сапалы дайындады. Өңір халқының басым көпшілігінің назары біздің кездесуімізге ауып отырғанын білеміз. Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынастары екі ел халықтарының игілігі үшін нығая түседі деп ойлаймын. Бұл – келіссөздеріміздің басты мақсаты. Жоғары деңгейдегі осындай кездесуді жалғастыруымыз қажет, - деді Қазақстан Президенті.

Өз сөзінде И.Каримов Нұрсұлтан Назарбаевтың әр сапары барысында өзекті мәселелер талқыланып, маңызды шешімдер қабылданатынын атап өтті.

- Мемлекет басшылары арасындағы келіссөздер тұрақты өтіп тұруы тиіс деп санаймын. Бұл Қазақстанның да, Өзбекстанның да мүдделеріне сай келеді. Орталық Азия өңіріндегі және әлемдегі жедел өзгеріске түсіп жатқан жағдайлар жөніндегі ортақ ұстанымды әзірлеу қажеттілігі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қоюымызға ықпал етті. Біз Қазақстанның әлеуеті өте жоғары екенін білеміз, егер оған Өзбекстанның да әлеуеті қосылатын болса, онда бұл өзге мемлекеттер санасатын барынша мығым ұстаным болады. Мен бұны аталған құжатқа қол қоюға себеп болып табылатын басты идеяның бірі деп ойлаймын, – деді Өзбекстан Президенті.

И.Каримов Қазақстан Президентінің Өзбекстанға сапары бағдарламасының мазмұнды екеніне де тоқталды. Атап айтқанда, жарқын тұлғасы мен шығармашылығы Өзбекстанда зор құрметке ие ұлы ойшыл Абайдың Ташкенттегі ескерткішін ашу жоспарланып отыр. Оның пікірінше, бұл елеулі оқиға екі елдің өзара қарым-қатынасы тарихынан берік орын алады.   

Өзбекстан Президенті елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастар үдемелі дамып келе жатқанын атап өтті.

- Әлемде бұрынғысынша болжап білмейтін дағдарыстық үдерістер байқалып отырғанына қарамастан, біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымына өсу үрдісі тән. Мысалы, 2012 жылы ол 9,6 пайызға өсіп, 2 миллиард 700 миллион долларды құрады. Бұл динамика жақсы әлеуеттің бар екенін көрсетеді және біз оны арттыруға тиіспіз, - деді И.Каримов.   

Сөз соңында Өзбекстан Президенті екі ел арасындағы тауар айналымын одан әрі әртараптандыру қажеттігіне тоқталып, Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары табысты әрі жемісті болатынына сенімін білдірді. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар