Жаңалықтар

22 тамыз 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің үшінші отырысы аясында өткен шағын және кең құрамдағы келіссөздерге қатысты

Қазақстан Президенті өз сөзінде бұл кездесу Республиканың Тәуелсіздік күні қарсаңында өтіп жатқанына тоқталды, Қазақстан халқы атынан қырғыз халқын алда келе жатқан мерекемен және екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанының 20 жылдығымен құттықтады.

- Мемлекетаралық кеңестің отырысы өткеннен бергі төрт жыл ішінде көптеген оқиға болды. Бүгін біз алдағы қадамдарды талқылап, міндеттерді белгіледік. Біз күн тәртібінің әрбір пункті бойынша пікір алыстық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы соңғы уақытта екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі арта түскенін атап көрсетті.

- Биылғы алғашқы жартыжылдықта ғана өзара сауда көлемі былтырға қарағанда 63 процентке өсіп, 470 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткішті миллиардтық мөлшерге жеткізудің нақты мүмкіндіктері бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев екі ел халқын тек ортақ тарих біріктіріп қана қоймай, бауырластық дәнекер болып отырғанын атап өтті.

- Нұрсұлтан Әбішұлы біздің қарым-қатынастарымызды айтарлықтай тығыз және белсенді ынтымақтастық деңгейіне жеткізу туралы дәл ақиқатын айтып отыр. Біз шағын құрамда келіссөздер жүргізіп, көптеген өзекті мәселені талқыладық. Олардың бірқатарына Нұрсұлтан Әбішұлы қолдау білдірді. Атап айтқанда, Қазақстан біздің елімізге 200 мың тонна астықты төлем мерзімін ұзарта отырып беретін болды. Біз Қазақстанның және оның Президентінің әрдайым қолдауын сезінетінімізді айтқым келеді. Өкінішке қарай, Қырғызстан өз міндеттемесін әрдайым орындай бермейді. Мен Президент таңдауда Қазақстанның жолы болғанын үнемі айтып жүрмін. Біз Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан қандай биіктерге қол жеткізгенін көріп отырмыз, - деді А.Атамбаев.       

Қырғыз Республикасының басшысы сондай-ақ қырғызстандықтар Лондон Олимпиадасында Қазақстан құрамасына қолдау көрсеткенін айтты.

- Қазақстанның экономикалық жетістіктері, елдің тұрақтылығы білім мен спортты қоса алғанда, барлық салада көрініс тауып отыр. Олимпиадада 12-ші орын алған Қазақстан дұрыс жолда келе жатқанын дәллелдеді, біз бұдан үйренуіміз керек. Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымды айтамын, қазақ халқына рахмет, - деді А.Атамбаев.

Келіссөздер барысында екі елдің басшылары сондай-ақ экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар инвестициялық жобаларды талқылады.  


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар