Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

15 қыркүйек 2015
Елбасы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты

 

Іс-шараға Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон, Армения Республикасының Президенті С.Саргсян, Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті  А.Атамбаев, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, ҰҚШҰ бас хатшысы Н.Бордюжа, сондай-ақ ұйымға мүше елдердің қорғаныс және сыртқы саясат ведомстволары басшылары қатысты.

Кездесу барысында өңірдегі ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту, ұйым қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері және жедел әрекет ететін ұжымдық күштердің оқу-жаттығуын өткізу нәтижелері талқыланды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде ұйымның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі халықаралық терроризм мен экстремистік ұйымдардың төндіретін ықтимал қатерлері екенін атап өтті.

Мойындауымыз керек, өкінішке қарай, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жекелеген азаматтары осындай радикалды құрылымдарға қосылып, заңға қайшы іс-әрекеттерге қатысу үшін Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы соғыс ошақтарына барып жатады. Бұл жайт біздің тарапымыздан қарсы іс-қимыл жасаудың тиімді шараларын қабылдауды талап етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Тәжікстан халықаралық лаңкестікке қарсы күрестің алдыңғы шебінде екенін назарға ала отырып, барлық елдер әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан алдағы уақытта да осы одақтасымызға экономикалық көмек көрсетуге тиіс екенін атап айтты.

Қазақстан биыл бауырлас елге 2,7 миллион доллардың азық-түлігі мен құрылыс материалдарын жіберді, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев сессияға қатысушылар назарын Ауғанстандағы жағдайға аударды.

Ауғанстанның солтүстігіндегі содырлар белсенділігі айрықша алаңдатады. Ауған аумағынан төнетін қауіп-қатерлерге қарсы тиісті әрекет ету үшін ҰҚШҰ аясындағы бірлескен күш-жігерді екіжақты негізде де, өзге халықаралық ұйымдармен арадағы жұмыстар барысында да арттыра түсу қажет. Қазақстан Кабулға жыл сайын азық-түлік, отын, дәрі-дәрмек жеткізу, сондай-ақ ауған жастарын еліміздің жоғары оқу орындарында оқыту арқылы техникалық және гуманитарлық көмек көрсетуді жалғастыруда, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы біздің ел өңірдегі жағдайдың күрделі екенін ескере отырып, ҰҚШҰ жедел әрекет ететін ұжымдық күштерінің жауынгерлік қабілетін арттыруға бағытталған шараларды қолдайтынын айтты.  

Қазақстан Жедел әрекет ететін ұжымдық күштер арнаулы құрылымдарының әскери контингентінің жауынгерлік және қызметтік дайындығын артыру қажеттігін қолдайды. Оқу-жаттығуларды, соның ішінде төтенше тексерулерді де үнемі өткізіп отыру қажет деп санаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті сессия шешімдерінің жобалары арасынан әскери контингенттердің, қару-жарақтың, техниканың ҰҚШҰ-ға мүше елдер аумағы арқылы қозғалысын нақты реттейтін Әскери және өзге құрылымдарды тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді айрықша атап көрсетті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев шараға қатысушыларды Қазақстанның ҰҚШҰ аясындағы барлық міндеттемелерді мүлтіксіз орындайтынына, сондай-ақ одақтас елдерге қажетті гуманитарлық көмек көрсете беретініне сендірді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар