Жаңалықтар

17 қаңтар 2018
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесті
Америка Құрама Штаттары, Вашингтон қаласы

Қарсы алу рәсімі аяқталған соң Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдің Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қазақстан мен АҚШ Президенттері келіссөз жүргізіп, екіжақты қарым-қатынастың және халықаралық күн тәртібінің мейлінше өзекті мәселелерін талқылады.

Дональд Трамп ресми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстан мен АҚШ арасында қалыптасқан қатынастарға жоғары баға берді.   

– Сіздің осында келгеніңізге қуаныштымын. Барша жұрт Сізге зор құрметпен қарайды. Екі ел арасында мықты қарым-қатынас жолға қойылған. Қазір Қазақстанның жағдайы өте жақсы. Біз үшін Сізді қабылдау – зор мәртебе. Сіз еліңіз үшін шынында да іргелі істер атқардыңыз, – деді АҚШ Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Д.Трампқа алғыс айтып, оны АҚШ Президенті лауазымына сайлануының бір жылдығымен құттықтады.  

– Сізді президенттік қызметіңіздің бір жылдығымен және экономикадағы зор жетістіктеріңізбен құттықтаймын. Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына АҚШ-тың саяси қолдау көрсетуін біздің ел жоғары бағалайды. 26 жыл бойы Қазақстан АҚШ-пен достық қарым-қатынасты берік ұстанып келеді. Бүгінгі сапар сол серіктестіктің дәлелі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты саяси және экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі тереңдей түсетініне сенім білдірді.   


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар