Жаңалықтар

14 маусым 2013
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті

 

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан Қазақстан үшін өңірдегі маңызды стратегиялық серіктес болып саналатынын атап өтті.

– Астана мен Ташкент арасындағы ықпалдастықтың тиімділігі көбінесе орнықты экономикалық дамуға және бүкіл өңірдегі қауіпсіздікке байланысты, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Өзбекстан Президентінің былтырғы сапары аясында жүргізілген келіссөздер екіжақты байланыстардың одан әрі дамуына серпін бергенін мәлім етті. 

– Тек соңғы уақытта ғана үкіметаралық комиссияның 2 отырысы өтті, парламентаралық диалог дамуда, Іскерлік кеңес құрылды. Осы бірлескен іс-қимылдың барлығы Қазақстан – Өзбекстан ықпалдастығын тереңдетуге және оның аясын кеңейтуге ықпал етті. Сонымен бірге, біздің қарым-қатынастарымызды сапалы жаңа деңгейге шығаратын кез келді. Осы бағытта екі ел арасындағы Стратегиялық серіктестік туралы шартқа қол қойылады. Қазақстан үшін Өзбекстан өңірдегі маңызды серіктеске айналып отыр, бұған тауар айналымының 30 пайызға өсуі дәлел. Мұнымен де шектелмейді, біздің елдеріміз өзара тиімді саудадағы өздерінің экономикалық әлеуетін тағы толық көлемде пайдаланады деп есептеймін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара саудада тауар алмасу аясын кеңейту экономикалық өзара қарым-қатынастардың артуына да мүмкіндік туғызатынын атап өтті. Инвестициялық белсенділікті арттыру қажеттігіне тоқталды.

– Бүгінде біздің елімізде 118 қазақ-өзбек бірлескен кәсіпорны жұмыс істейді. Өзбекстанда жұмыс істейтін Қазақстан компанияларының саны 187-ге жетті. Біз екі ел нарығына капитал ену мүмкіндігін кеңейту түсу үшін инвестициялар жөнінде арнайы комитет құрамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы біздің елдеріміздің Еуропа мен Азия арасында транзиттік көпір ретіндегі географиялық жағдайын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін көлік саласындағы стратегиялық жобаларды іске асыруға назар аударды. 

– Өзбекстан өз транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде белсенді шаралар қабылдайды, бұл Қазақстан үшін өте маңызды. Елдеріміздің бұл бағыттағы күш-жігерін біріктіру қажет деп санаймын. Екі ел үкіметтеріне осы саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын әзірлеу міндетін тапсыруды ұсынамын. Атап айтқанда, шекараларымыз маңында орналасқан облыстар арасында автобус қатынасын ұйымдастыру мәселесін қарау керек. Алматы-Ташкент бағыты бойынша жаңа жолаушылар пойызын іске қосудың келешегі зор, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы әуе қатынасын дамытқан жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев елдеріміздің Арал теңізін құтқару ісіне белсене атсалысатынын атап өтіп, Өзбекстанның Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қорына төрағалығы қор қызметін жаңа идеялармен толықтыратынына және Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі бағдарламаның үшінші кезеңін іске асыруға мүмкіндік жасайтынына үміт артатынын айтты. 

Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы су-энергетика саласында алаңдатарлық жағдай қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

– Елдеріміздің өңірдегі су-энергетика ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі ұстанымы сәйкес келеді. Бұл трансшекаралық өзендердегі жаңа гидроғимараттар құрылысына да қатысты. Тәжікстандағы достарымыз даусымызды естіп, біздің мүдделерімізді ескереді деп үміттенемін. Су ресурстарын, әсіресе ауыл шаруашылығына қажетті су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдалану үшін бірлесіп күш-жігер жұмсау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев сараптамалық деңгейде су-энергетика саласындағы дауларды реттеу жолдарын талқылау үшін Астана мен Ташкентте көпжақты форматта кездесулер өткізуді ұсынды.

Мемлекет басшысы қазақ-өзбек шекарасының заңи ресімделуінің аяқталуын үш мемлекеттің – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан мемлекеттік шекарасы түйіскен тұстың ауданы туралы келісімшартқа қол қойылуы білдірген болар еді деген де ойын білдірді. Бұл мәселе бойынша тапсырма сыртқы істер министрліктеріне былтырғы қыркүйекте беріліп, Қазақстан Президенті аталған құжатқа қол қоюды тездетуді ұсынған.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара ықпалдастықтың тағы да бірқатар маңызды бағыттарын атап көрсетті. Оның ішінде парламентаралық байланыстарды, әскери ынтымақтастықты, төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою қызметтері арасындағы байланыстарды дамыту бағыттары бар.

Қазақстан Президеті И.Каримовке Астананың халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін өткізу құқығына кандидатурасын қолдағаны үшін алғысын білдірді.

– Өзбек достарымызға өз экспозициясының құрылысына қатысып, елдеріңіздің экономикалық мүмкіндіктерін көрсетуді ұсынамын. ЭКСПО-ға қатысу елдеріміздің одан әрі экономикалық дамуына, ынтымақтастығымыздың нығаюына қызмет ететін болады. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің алдағы 2017-2018 жылдардағы сайлауында, сондай-ақ  ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне сайлауда біз еліміздің кандидатурасына бауырлас Өзбекстанның қолдау көрсететініне сенім артамыз. Қазақстан өз тарапынан сіздің елдің бастамаларын қолдайтын болады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстанда тұратын этникалық қоғамдастықтардың болуы мемлекетаралық байланыстарды нығайтудың маңызды факторы болып саналатынын атап өтті.

– Біздің азаматтарымыз, әсіресе жас буын халықтарымыздың тарихи бай мәдени мұрасы, бабаларымыздың достығы туралы көбірек білулері тиіс. Бүгін қол қойылатын Мәдениет министрліктері арасындағы ынтымақтастық бағдарламасы қазақ және өзбек қоғамдастықтарының рухани сұранысын өтеуге қызмет етеді деп үміттенемін, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы И.Каримовпен әңгімелесу барысында Ауғаныстандағы ахуал талқыланғанын атап өтіп, екі елдің бұл мәселеге қатысты ұстанымы сәйкес келетінін айтты.

Сөзінің соңында Мемлекет басшысы әңгімелесу кезіндегі сенім, өзара түсіністік және ашықтық үшін, сондай-ақ, туыстық және тату көршілестік байланыстарды, Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының игілігі жолындағы  ынтымақтастықты нығайтуға деген ұдайы ынталылық үшін И.Каримовке тағы да алғысын айтты.

Өз кезегінде Өзбекстан Президенті келіссөздер мен қол жеткен нәтижелердің маңыздылығына тоқталды.

– Біз Өзбекстанда халықтарымыздың тарихи тұрғыда қалыптасқан, өмірдің өз сынынан өткен бауырластық қарым-қатынасын қастерлейміз, – деп атап өтті И.Каримов.

Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентімен жүргізілген келіссөздердің өзара түсіністік пен сындарлылық ауанында өткенін, ал қол қойылған Стратегиялық серіктестік туралы келісім екі елдің байырғы мүдделеріне сай келетін әбден ойластырылған қадам болып саналатынын айтты.

– Бүгін қол қойылған маңызды келісімдер Қазақстан-Өзбекстан қарым-қатынастарын нақтылы мазмұнмен толықтыра түседі деп сенемін, – деді Өзбекстан Президенті.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар