Жаңалықтар

12 қыркүйек 2014
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті
Душанбе қаласы, Тәжікстан Республикасы

Келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.

 

Келіссөздер барысында екі елдің көшбасшылары сауда-экономикалық, инвестициялық, отын-энергетикалық,  көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қарастырды.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин екі елдің халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдарына қатысты да бірқатар мәселелерді талқылады.

Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттарға қатысты пікір алмасты.

Қазақстан Президенті екі елдің арасындағы ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады.

– Біздің елдеріміз отын-энергетика саласында белсене ынтымақтасуда. Бүгінде Қазақстан мұнайының 20 пайызын қытай компаниялары өндіруде. Қазақстан-Түрікменстан-Қытай газ құбыры да жақсы жұмыс істеп тұр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан-Қытай қарым-қатынастарының оң қарқынын атап өтті.

– Биылғы мамырда Сіз Қытайға табысты мемлекеттік сапармен барып, АӨІСШК саммитіне қатыстыңыз. Біздің Сізбен арамыздағы халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы уағдаластықтарымыз белсенді түрде іске асып жатыр. Өзара іс-қимыл жалғасын табатын болады деп үміттенемін. Екі елдің игілігі жолында ынтымақтастығымызды жалғастыру үшін біз бар күш-жігерімізді жұмсауға әзірміз, – деді ҚХР Төрағасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасын Қытай Халық Республикасының алдағы 65 жылдығымен құттықтап қытай халқына табыс пен бақ-береке тіледі. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар