Жаңалықтар

22 желтоқсан 2017
Мемлекет басшысының атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтау жеделхаттар келіп түсті.

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко өзінің құттықтау хатында: «Қазақстан бүгінде экономиканы реформалау, саяси және қоғамдық өмірді жаңғырту жөніндегі ауқымды міндеттерді шешуде. Елдеріңіз бітімгершілік бастамалары арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосып отыр», – деп атап өткен.

Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстан экономика және әлеуметтік даму салаларында, сондай-ақ халықаралық аренада зор табысқа жеткенін атап өтіп, екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла өзінің құттықтауында: «Екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастар 25 жыл ішінде берік әрі шынайы достыққа негізделген Астана мен Римнің байланыстарын одан әрі нығайту үшін бар мүмкіндікті пайдалана алатынын айрықша атап өткім келеді», – деп көрсеткен.

Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё мемлекетаралық байланыстардың даму деңгейіне жоғары баға беріп, білім беру, баламалы энергетика және ауыл шаруашылығы салаларында екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі кеңейе түскенін атап өткен.

Мемлекет басшысына және Қазақстан халқына өзінің құттықтауларын Моңғолия Президенті Халтмаагийн Баттулга мен Индонезия Республикасының Президенті Джоко Видодо, сондай-ақ Рим Папасы Франциск жолдап, бақ-береке тілеп, еліміздің өсіп-өркендеуіне ниеттестік білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар