Жаңалықтар

16 наурыз 2006
Қазақстан халқына Жолдауына орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына көпшіліктен түсіп жатқан ізгі тілектер мен лебіздер легі толастамауда.

- Біздер, мәдениет және өнер қайраткерлері, Сіздің барлық жаңашыл істерде, жас таланттарды қолдауда, аға буын өкілдеріне ілтипатты құрмет көрсетуде барынша ықылас танытып келе жатқаныңызды әрдайым сезінеміз. Әсіресе, біз Жолдаудағы Қазақстанның көпұлтты және көпконфессиялы болуы негізінде мәдениеттің Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу үрдісіндегі рөлін нығайту жөнінде айтылған тұсын ерекше мақтаныш сезіммен тыңдадық. Біз еліміздегі бейбіт тірлік пен тыныштық үшін, өнерді өрге бастыру үшін қолайлы жағдай жасауға деген ниетіңіз үшін Сізге өз ризашылығымызды білдіреміз,-делінген КСРО халық әртісі Е.Серкебаев пен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас директоры К. Оразғалиевтың хатында.

Ұлттық қауіпсіздік органдары ардагерлерінің атынан қол қойған “ҚР ҰҚК ардагерлері органы” республикалық қоғамдық қозғалысы Орталық кеңесінің төрағасы, отставкадағы генерал-майор С. Жақыпбеков өз хатында былай дейді:

- Қауіпсіздік органдарының 3,5 мың зейнеткерін біріктіретін республикалық ҰҚК ардагерлері Кеңесінің атынан Сізге қамқорлығыңыз бен түсіністігіңіз үшін ізгі тілегімізді білдіреміз. Зейнеткерлерге, әскери қызметшілерге деген қамқорлығыңызға шын жүректен алғысымызды білдіре отырып, біз Сіздің Қазақстанды әлемнің барынша серпінді дамыған елдерінің қатарына кіргізу жөніндегі ниетіңізді жан-жақты қолдаймыз. Жолдауда Сіз көрсеткен басымдықтар қазақстандықтардың өз Президентін бірауыздан сайлауының дұрыстығын тағы бір рет айқындайды және Қазақстан қоғамының барлық топтарының арман-мұратына сай келеді. Сіздің ең ізгі бастамаларыңыз бен межелі мақсаттарыңыз халқымыздың игілігі жолында іске асырыла берсін деп тілейміз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар