Жаңалықтар

10 тамыз 2018
Қазақстан Президенті Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді
Ақтау қаласы, Достық үйі

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы Каспий маңы аймағының тарихи, мәдени, рухани-идеологиялық, геосаяси маңызын ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің мұнай өндіру индустриясын, инфрақұрылым және көлік-логистика әлеуетін дамыту ісінде Маңғыстау облысының ұлттық экономикаға елеулі үлес қосып отырғанын айтты.

– Бұл облыс «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында ірі көлік-логистика орталығына айналып отыр. Мұнда әуе, автомобиль жолдары, темір жол, паром және теңіз көліктері желісі тоғысқан. Атап айтқанда, халықаралық әуежай, «Жезқазған–Бейнеу» және «Өзен–Түрікменстанның мемлекеттік шекарасы» темір жолдары, «Атырау–Ақтау» автомобиль жолы салынып, заманауи Ақтау теңіз порты және Құрық паром кешені іске қосылды. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына тың серпін беретін болады, – деді  Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Бесінші Каспий саммитіне дайындық жүргізу және оны өткізу мәселелеріне айрықша тоқталды.

– Ертең мұнда Каспий маңындағы бес мемлекеттің басшылары жиналып, тарихи құжатқа – Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қояды. Аталған құжат 20 жылдан астам уақыт бойы дайындалды, – деді Елбасы.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы жөніндегі есебінде биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсу қарқыны тұрақты екенін айтты.

– Жалпы өңірлік өнім көлемі 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 99,2 пайыздан 104,4 пайызға өсті. Өнеркәсіптің негізгі индексі 101,2 пайызды құрап отыр. Негізгі капиталға салынған инвестиция үлесі 6 пайызға артып, 256 миллиард теңгеге жетті, – деді облыс әкімі.

Ералы Тоғжанов Индустрияландыру картасы жүзеге асырыла бастағалы облыста 42 жоба іске қосылып, 392 миллиард теңге көлемінде тікелей инвестиция тартылғанын, сондай-ақ бүгінде жалпы құны 418 миллиард теңге болатын 89 жоба орындалып жатқанын мәлімдеді.

– «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы өңір экономикасының дамуына серпін берді. Соның аясында республикалық және жергілікті маңызы бар 600 шақырым жол салынды және қайта жөнделді. Сондай-ақ, 1,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, – деді өңір басшысы.

Облыс әкімінің есебінен соң, Елбасы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақты екенін атап өтіп, одан әрі пысықтауды қажет ететін бірқатар мәселеге тоқталды.

– Экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізу керек. Ол үшін экономиканы диверсификациялап, қызмет көрсету мен өңдеу секторын дамытуды қамтамасыз ету қажет. Мысалы, мұнда жалпы көлемі 2 мың гектар болатын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Мемлекет оның инфрақұрылымын дамытуға қажетті қаражат бөлді. Енді оның жұмысын жандандырып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек, –  деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысының туристік әлеуетінің зор екенін айтып, облыстың географиялық және мәдени артықшылықтарын, соның ішінде өңірдің теңіз жағасында орналасқанын, сондай-ақ мұнда жалпыұлттық және халықаралық мәні зор көптеген тарихи ескерткіштердің бар екенін атап өтті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі пайдалану, шағын және орта бизнесті дамыту, жаңа жұмыс орындары ашу, сондай-ақ өндіріске жаңғыртылатын энергия көздерін енгізу жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы биыл пайдалануға берілген Ақтау қаласындағы Достық үйінің қызметімен танысты.

Достық үйінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі, өңірдегі 20 этномәдени бірлестік, облыстық аналар кеңесі, Маңғыстау облысының Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ, облыстық ардагерлер кеңесі орналасатын болады.

Қазақстан Президентіне облыстың инвестициялық жобалары таныстырылды. Атап айтқанда, жіп иіретін және мата өндіретін зауыт, Жаңаөзен қаласындағы газтурбина электр станциясы, Құрық селосындағы ауыз су зауыты, «МАЭК-ҚАЗАТОМӨНЕРКӘСІП» ЖШС аумағындағы бу-газ қондырғысы, Түпқараған ауданындағы жел электр станциясы, Ақтау экоқаласы және басқа да нысандар.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар