Жаңалықтар

30 сәуір 2011
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев американ жағының бастамашылығымен Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен телефон арқылы сөйлесті.

Америка Президенті Қазақстанның жетістіктеріне жоғары баға  бере келе,  біздің еліміздің  әлеуметтік-экономикалық және  саяси дамудағы белгіленген  жоспарларын  жүзеге асыруда  сәттілік тіледі.

Әңгіме барысында екі елдің басшылары қазақстан-американ қарым-қатынастарының ағымдағы жағдайы мен  перспективаларын, екі елдің арасындағы стратегиялық серіктестікті  нығайту жөніндегі алдағы  қадамдарды талқылады.

Орталық  Азиядағы жағдайды қоса алғанда, жаһандық және аймақтық  қауіпсіздік мәселелері бойынша пікір алмасылды. Б.Обама Ауғанстандағы жағдайды реттеуге қосып отырған сындарлы үлесі үшін Қазақстанға алғыс білдірді.

Жаппай  қырып-жоятын  қару-жарақты  таратпау, Нұрсұлтан Назарбаевтың осы саладағы бастамаларын, оның ішінде 2010 жылдың сәуір айында Вашингтондағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитінде айтылған бастамаларын  жүзеге асыру мәселелеріне үлкен назар аударылды.

АҚШ Президенті сондай-ақ Ислам Конференциясы Ұйымымен арадағы өзара іс-қимылдарға үлкен маңыз беріліп отырғанын атап көрсетті және осы ұйымға төрағалық ету барысында Қазақстанға сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы  АҚШ-тың оңтүстігінде орын алған жойқын торнаданың салдарынан адам құрбандықтарының орын алуына байланысты Барак Обамаға көңіл айтты.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар