Жаңалықтар

16 маусым 2009
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Екатеринбург қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Отырыста ШЫҰ кеңістігінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мен мәдени-гуманитарлық байланыстарды ынталандыруға қатысты кең ауқымды мәселелер қаралды.


Аймақтағы бейбітшілікке, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретін ахуалдарға ШЫҰ-ның әрекет ету тетіктері мен саяси-дипломатиялық шаралары туралы ереженің бекітілуі саммиттің маңызды оқиғасы болды. Бірінші кезекте, бұл таяуда Солтүстік Кореяда өткізілген ядролық сынаққа қатысты болып отыр.


Саммитте Ауғанстандағы ахуалға, ШЫҰ-ның осы елмен өзара іс-қимылын жандандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар ШЫҰ-ның лаңкестік пен есірткіге қарсы әлеуетін барынша нығайту жөнінде уағдаласты. Ең алдымен, бұл Орталық Азия аймақтық ақпараттық үйлестіру орталығының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды, оны өңірдегі есірткіге қарсы күрес жөніндегі негізгі органға айналдыруды көздейді.


Көші-қон ағымына бақылауды күшейту мақсатында Қазақстан Президенті Заңсыз көші-қонмен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қою жөнінде бастама көтерді.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында ШЫҰ-ға мүше елдердің экономикалық ынтымақтастығын нығайту арқылы, оның келеңсіз салдарын азайту міндеті айрықша өзектілікке ие болып отырғанын атап өтті.


- Шанхай ынтымақтастық ұйымы қолдағы әлеуетті тиімді пайдалану мен негізгі аймақтық валютаның себетке тәуелді бірыңғай ортақ есеп айырысу бірлігін енгізу үшін барлық мүмкіндікке ие. Бұл бірлікті ШЫҰ елдері арасында сауда-экономикалық есеп айырысуда пайдалануға болар еді, - деді Н.Назарбаев.


Тұтастай алғанда, сарапшылардың бағалауынша, саммитте қабылданған шешімдер ШЫҰ-ға мүше елдер ғана емес, сондай-ақ бақылаушы-мемлекеттер арасындағы саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылды нақты кеңейтуге бағытталған.


Саммит қорытындысы бойынша, лаңкестікпен, экстремизммен, есірткі трафигімен, трансшекаралық ұйымдасқан қылмыспен және басқа да қатерлермен күресте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету жөніндегі бірқатар құжаттарға қол қойылды.


Сол күні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанның Премьер-Министрі Манмохан Сингхпен кездесуі өтіп, онда Қазақстан мен Үндістанның өзара тиімді ынтымақтастығын одан әрі нығайту мен дамытудың өзекті мәселелері талқыланды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар