Жаңалықтар

10 сәуір 2010
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестің (Еуропа Одағының жоғары органы) Президенті Хенрик Ван Ромпёймен кездесті.
10.04.2010

Мемлекет басшысы сұхбаттасын Лиссабон шартына сәйкес құрылған Еуропалық Кеңестің Президенті қызметіне сайлануымен құттықтады. Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде Еуропа Одағының жетекші мемлекеттерінің Қазақстан модернизациясына белсене қатысқандығын атап өтіп, Ван Ромпёйді елдің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерімен таныстырды.
– Еуропа Одағы Қазақстанның әлемдегі басты сауда серіктесі болып саналады. Біздің тауар айналымымыз 2009 жылы 28,8 миллиард долларды құрады. Еуроодақтың үлесі біздің елдің жалпы тауар айналымында 40 пайызды құрайды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Еуроодақ – Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктесі. Шамамен 56 миллиард доллардай қаражат (шетелдік капиталдың жалпы мөлшерінің үштен бірінен астамы) Қазақстан экономикасында ЕО мемлекеттерінің инвестициясына тиесілі. Өз кезегінде Қазақстан ЕО елдерінің экономикасына 10 миллиард доллардан астам инвестиция салды.
Қазақстан – еуропалық елдермен технологиялық және инновациялық ынтымақтастықты дамытудың институционалдық негізі болып отырған «Еуропаға жол» бағдарламасын қабылдаған өңірдегі бірден-бір ел.
Нұрсұлтан Назарбаев ЕО үшін еліміздің Орталық Азияға ашылған «қақпа» болуға дайын екенін атап өтті. Ел өңірлік технологиялық хаб құруға және өнімдерін Ресей, Қытай, Орталық Азия нарықтарына экспорттауға бағдарланған өндірістерді дамытуға қажетті барлық шарттарға, табиғи және жер ресурстарына ие.
Қазақстан мен Еуропа Одағының арасында энергетикалық саладағы ынтымақтастықты тереңдетудің мәні зор.
– Біздің еліміз ОПЕК-ке мүше елдерден Еуропаға энерготасымалдаушыларды жеткізетін үшінші ірі ел саналады. ЕО-ның бірқатарында қазақстандық мұнайдың үлесі едәуір мол. Мәселен, Румынияда ол – 30 %-ды, Австрияда 25 %-ды құраса, Швейцарияда біз 2-ші орын аламыз. Тұтастай алғанда, Қазақстан ЕО-ға шығарылатын энерготасымалдаушылар импортының жалпы мөлшерінің 20 %-ына дейін қамтамасыз етеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан ЕО-мен арада жетілген серіктестік туралы жаңа келісім жасау жөніндегі келіссөздердің басталуына мүдделі және Еуропалық комиссия таяу болашақта оны өткізуге ЕО-ның барлық елдерінен мандат алады деп күтеді.
ЕҚЫҰ төрағасы ретінде Қазақстан «Корфу үдерісі» шеңберінде еуропалық қауіпсіздік бойынша сұхбат форматының жалғасын табуына ықпал ететін болады. Мемлекет басшысы құрлық қауіпсіздігінің жаңа архитектурасын құрау тарапындағы жұмыстардың маңызына айрықша тоқталды. Сонымен қатар Ауғаныстандағы ахуалды тұрақтандыру бағытында бірлескен күш-жігерді арттыра түсудің маңызы үлкен.
Нұрсұлтан Назарбаев Хендрик Ван Ромпёйге ағымдағы жылдың қазан айында Еуропа Одағының штаб-пәтеріне ресми сапармен келіп қайтуға шақырғаны үшін алғысын айтты. Ол Брюссельге жасалатын сапардың Қазақстан мен ЕО арасындағы қарым-қатынастарда жаңа бір парақ ашарына сенімін білдірді.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Еуропалық кеңестің Президентін оған қолайлы уақытта Қазақстан Республикасына ресми сапармен келіп қайтуға шақырды. Ұсыныс ризашылықпен қабылданды. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар