Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

11 шілде 2006
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Хорватия Республикасына келді.

192.jpg

193.jpg

Хорватия Республикасы Президентінің резиденциясында өткен кездесудің ресми салтанатынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Стьепан Месич шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты оны одан әрі нығайтудың кең ауқымдағы мәселелерін талқылады.

 

Екі ел басшылары, атап айтқанда, мұнай-газ кешені мен туризм, тамақ және жеңіл өнеркәсіптері, құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы салалары бойынша екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру қажеттігі жөнінде ортақ байламға келді.

 

Екі ел арасындағы сауда және экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрі А. Мамин мен Хорватия Республикасының Теңіз, туризм, көлік және даму министрі Б. Калмет жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы Келісімге қол қойды. Ресми сапар аясында Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісіне Хорватия жағының қолдау көрсетуі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылданды.

 

-Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар сындарлылық, серпінділік, өзара сенім мен мүдделер сыйластығының орнығуымен сипатталады. Қабылданған Бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілгендей, Хорватия елінің Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру үдерісіне қолдау көрсетуін біз өте жоғары бағалаймыз.

 

Біздің елдеріміздің географиялық орналасуы бірегей, Еуропа мен Азия арасын байланыстырушы арқау болып табылады. Бұл транзиттік-көлік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде үлкен мүмкіндіктер туғызады және жаңа ғана қол қойылған жолаушылар мен жүктердің халықаралық автомобиль тасымалы туралы Келісім осы мүмкіндіктерді іске асыруға бағытталған, - деді Қазақстан Президенті журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

 

Екі ел басшылары инвестициялық ынтымақтастықтың үлкен әлеуетін атап көрсетті. Қазақстандық компаниялар Хорватияда мұнай өңдеу саласы, Адриатикада туристік кешендерді дамыту, қазақстандық банктердің филиалдарын ашу және басқа да жобаларды инвестициялауға мүдделі. Хорваттық бизнесмендер, өз кезектерінде, мұнай-химия, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін  өңдеу және инфрақұрылымдық жобалар бойынша Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыруға қатыса алады.

 

-Қазақстан экономикалық қарышты дамудың әрі көптеген табысты реформалардың елі, әлемнің іргелі мемлекетерімен тығыз ынтымақтастық орнатып, өңір көшбасшысына айналған ел. Хорватия Қазақстанмен ынтымақтасып, нақты жобаларды іске асыруға мүдделі және бұған арақашықтық бөгет бола алмайды, - деді Стьепан Месич журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар