Жаңалықтар

23 сәуір 2008
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Астана қаласындағы бірқатар нысандарда болды.

Мемлекет басшылары «Мега Центр Астана» сауда-ойын-сауық кешенінде болды. Бұл кешеннің ерекшелігі сауда инфрақұрылымын демалыс индустриясы толықтырады. Жалпы ауданы 35 мың шаршы метрді алып жатқан төрт қабатты ғимаратта гипермаркет, «Бэбилон» балалар паркі, кинотеатрлар, 10 дәмхана мен мейрамханалар, 12 метрлік скалодром, 70 сауда бутиктері орналасқан.


Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Ислам Каримов Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталықпен танысты. Мемлекет басшылары реанимациялық және интенсивті емдеу бөлімшелерін, операция жасайтын бөлімшені, аурулар жататын бөлмелерді аралап шықты.

Орталық 160 орынға арналған. Операциялық, реанимациялық және диагностикалық орталықтар қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бір жылда орталық дәрігерлері үш мыңға жуық емделушелерді қабылдап, екі мыңға жуық операциялар жасай алады.


Журналистер алдында сөйлеген Қазақстан Президенті Республикалық нейрохирургиялық ғылыми орталықтың Астанада құрылып отырған медицина саласындағы алты кластердің бірі екендігін атап өтті. Бұл кластердің құрамына сондай-ақ диагностикалық орталық, ана мен бала денсаулығын қорғау орталығы, балалардың сауықтыру орталығы, жедел медициналық жәрдем ғылыми-зерттеу институты және кардиохирургиялық орталық кіреді.


- Бұл жер «Денсаулық қаласы» болмақ. Медициналық мекемелер Қазақстанның барлық тұрғындарына емдік қызмет көрсетпек. Сонымен қатар көрші мемлекеттердің, соның ішінде Өзбекстан Республикасының азаматтарына да көмек көрсетілетін болады. Бұл орталық – Қазақстандағы ең үздік медициналық орталықтардың бірі, -деді Н.Назарбаев. Ислам Каримов қазіргі таңда ел халқының көпшілігінің шет елдерде – Ресейге, Израильге, Германияға барып емделуді қалайтындықтарын атап өтті.


- Нұрсұлтан Әбішұлы біздің республикаларымызда азаматтарымыз қажетті ем қабылдай алатын тамаша медициналық орталықтардың құрылуын қолдайды. Мен барлық қолға алынған мақсаттардың орындалуын тілеймін. Ал барлық қазақстандықтарға денсаулық тілеймін, әрі олардың бұндай орталықтарға тек экскурсанттар ретінде ғана келулеріне тілектеспін, - деді И.Каримов.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар