Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

25 мамыр 2010
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл ғылыми-зерттеу орталығы - Түркі дүниесі академиясын ашты және Бейбітшілік және келісім сарайында өз жұмысын бастаған «Түркі өркениеті: дәуірлер жалғастығы» атты халықаралық еуразиялық конгрестің жұмысына қатысты.

Түркі дүниесі академиясын ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде, Мемлекет басшысы Түркі дүниесі академиясы – түркі дүниесіндегі тұңғыш және бірегей ғылыми-зерттеу орталығы екенін атап өтті.

- Бұл – түркі тектес елдердің мәдени-гуманитарлық байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосатын, тарихи маңызы бар оқиға, - деді Н.Назарбаев.

Президент «Түркілер тарихқа көрнекті тарихқа көрнекті мемлекет қайраткерлерін, ұлы ғалымдар мен дарынды ақындарды сыйлады. Ғылым мен өнер үшін Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Мұхаммед әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Иасауи, Ұлықбек, Әлішер Науайы, Физули, Мимар Синанның және өзге де әйгілі есімдердің маңызы өте зор» дей келіп, әлемдік өркениетке түркі дүниесінің қосқан үлесін жан-жақты зерттеудің қажеттігін атап өтті.

Ғылыми-зерттеу орталығы түркі дүниесінің рухани бірлігін нығайтудағы маңызды орталық болуы тиіс. Академия жалпыадамзаттық құндылықтар өлшемі арқылы "Түрксой" тәрізді және барша әлемдік өркениеттің бай ғылыми және тарихи мұраларын терең зерттейтін болады. Академия ежелгі мәдениеттің жазба ескерткіштерін қалпына келтіретін озық үлгідегі шығармашылық зертханаға айналады.

Мемлекет басшысы археология, этнология, түркітану және әдебиеттану салаларын зерттеумен шұғылданатын ғалымдар енді осы ортақ шаңырақтың астында еңбек ететініне сенім білдірді. Жаңа академия ғылымды дамытуға, кәсіби тұрғыда шыңдалуға және түркологтардың өзара байланысын орнықтыруға тиімді атсалысуы қажет. Оның базасында түркі тарихы, мәдениеті және түркі тілдерінің орталығы, кітапхана, жалпытүркілік музей және мұрағат құрылатын болады.

Өз кезегінде, Түркия Республикасының Президенті Абдуллаһ Гүл рухани-мәдени және түркі өркениетін дамытудағы маңызды оқиғаға қатысушыларды құттықтады.

Одан кейін Мемлекет басшылары 350-ге таяу танымал түрколог ғалымдар қатысқан халықаралық еуразиялық конгрестің жұмысына қатысты.

Конгресте түрлі елдер ғалымдарының еуразиялық мемлекеттердің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени өміріндегі мәселелерін зерттеуге бағытталған қызметін үйлестіретін Тарихшылар мен қоғамтанушылар халықаралық қауымдастығын құру, сондай-ақ ядролықсыз бейбітшілік үшін қозғалысты кеңейту және лаңкестік пен экстремизмге сенімді тосқауыл қою жөнінде шешім қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар