Жаңалықтар

13 желтоқсан 2006
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 15 жылдығы қарсаңында мемлекет алдында сіңірген еңбегі, белсенді қоғамдық қызметі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бір топ азаматтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталды.

Олардың арасында – кәсіпорын, акционерлік қоғам, шаруа қожалықтарының басшылары, қаржы секторының, шағын және орта бизнес қызметкерлері, өндірістік саланың жұмысшылары, мәдениет, ғылым, білім қайраткерлері, қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер, еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер бар.

 
Айталық, Қ.Сәтбаев атындағы Геология ғылымы-зерртеу институтының аға ғылыми қызметкері А.А.Абдулин мен Өсімдіктерді қорғау ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Э.Ф.Госсен «Отан» орденімен марапатталды.

 
Энергетика және минералдық ресурстар министрі Б.С.Ізмұхамбетов ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Қостанай қаласының «Иволга-Холдинг» ЖШС бас директоры В.С.Розинов ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

 
«Парасат» орденімен бірқатар белгілі ғалымдар, мәдениет, білім қайраткерлері аталып өтілді, олардың арасында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі Ш.Ш.Сарыбаев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры А.Х.Айдосов, Қарағанды қаласының Органикалық синтез және көмірхимия институтының директоры З.М.Молдахметов, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, директоры Е.Н.Обаев және Б.М.Қанапиянов, Ж.Өмірбеков, И.Оразбаев, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Т.З.Рысбековтер бар.

 
ІІ дәрежелі «Достық» орденімен «Атырау халықаралық әуежайы» АҚ-ның бас директоры - «Евро-Азия Эйр» әуекомпаниясы» АҚ-ның президенті А.А.Бекмұхамбетов, Астана қаласы мен Ақмола облысының «Видергебурт» немістер қоғамының төрағасы И.В.Берг, «Востокмашзавод» АҚ-ның бас директоры Л.И.Бердус, Т.Шевченко атындағы Павлодар облыстық украин мәдениеті қоғамының төрағасы М.С.Папирса, Алматы қаласының «Байк-клуб» Қазақстан» қоғамдық бірлестігінің президенті Д.И.Петрухин марапатталды.

 
«Құрмет» орденімен Маңғыстау облыстық филармониясының әртісі Р.Т.Айдарбекова, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрының концертмейстері З.Р.Абдуллина, «ПЗТМ» АҚ бас директоры А.А.Акеев, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы төрағасының орынбасары М.У.Алсабеков, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің бас директоры – басқарма төрағасы Т.А.Байтазиев, Орал қаласының «Конденсат» компаниялар тобы» консорциумы кеңесінің төрағасы В.К.Жүнісов, үлкендер арасындағы ауыр атлетика бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық құрама командасының мүшесі И.А.Ильин, Қостанай облысы Қамысты ауданының «Алтынсарин» ЖШС-нің директоры Б.П.Князев, Шымкент қаласының «Фирма Восход» ЖШС-нің бас директоры А.Кожаков, Алматы облысы Қарасай ауданының «ДРСУ» ЖШС-нің директоры А.Г.Угрюмов, Ақтөбе қаласының «Копер Текнолоджи» ЖШС-нің директоры Д.Ю.Юрченко, Астана қаласының «Центрказэнергомонтаж» акционерлік қоғамының президенті Л.Л.Янушко марапатталды.

 
Әскери және қызметтік міндетін абыроймен атқарғаны үшін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін нығайтуда көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін бір топ әскери қызметкерлер ІІ дәрежелі «Даңқ», ІІ және ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

 
Ғылым, мәдениет, өнер, өндіріс және әлеуметтік саланың 57 көрнекті өкіліне Қазақстан Республикасының «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы  берілді.

 
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 229 адам марапатталды. Марапатталғандар тізімі жергілікті баспасөзде жарияланады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар