Жаңалықтар

2 ақпан 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұхаммед әл-Джабермен кездесті

Кездесу барысында Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы өзара ықпалдастықтың қазіргі жағдайы, сондай-ақ саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

– Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің басшысы шейх Халифа Әл Нахаянның тығыз әрі өзара сенімді байланыстарының арқасында елдеріміз арасында достық қарым-қатынас орнады, – деді Мемлекеттік хатшы.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанның 4.0-Индустриясы элементтерін енгізуді және әлемнің озық дамыған отыз елінің қатарына қосылуды көздейтін Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауын іске асыруға кіріскенін атап өтті.

– Біз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесіміз. Таяуда Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысындағы сөйлеген сөзінде халықаралық қарым-қатынаста саяси сенім мен жүйелі диалогтың маңызды екеніне назар аударған болатын, – деді Мемлекеттік хатшы.

Гүлшара Әбдіқалықова «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Әмірліктердің қаржы орталықтары арасында өзара белсенді іс-қимылды жалғастырудың маңызды екенін атап өтті.

Соңында Мемлекеттік хатшы Біріккен Араб Әмірліктерінің Халықаралық «Астана ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесіне белсенді атсалысқаны үшін ризашылық білдіріп, Дубайдағы келесі ЭКСПО-2020 көрмесінің жоғары деңгейде өтетініне сенім білдірді.

– Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерімен толыққанды стратегиялық серіктестік орнатуға мүдделі және ЭКСПО-2020 көрмесіне белсенді атсалысатын болады, – деді Г.Әбдіқалықова.

***

Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымы 2017 жылғы қаңтар-қараша аралығында 590,3 миллион АҚШ долларын құрады. 2005-2017 жылдары Әмірліктерден Қазақстанға келген тікелей инвестицияның жалпы көлемі шамамен 2 миллиард АҚШ долларына жетті.

Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 233 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Ең ірі екіжақты инвестициялық жоба – құны 1,2 миллиард АҚШ доллары болатын «Абу Даби Плаза» көп функционалды кешені.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар