Жаңалықтар

25 қаңтар 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «International Education Fair 2018» халықаралық білім көрмесіне барды
Алматы, «Қазақстан» қонақ үйі

Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында «Адами капитал – жаңғыру негізі» деген жетінші міндетті маңызды басымдықтың бірі ретінде анықтап бергенін атап өтті. Ондағы басты мақсаттың бірі – барлық жастағы азаматтарды қамтитын өзіміздің озық білім беру жүйемізді қалыптастыру ісін жеделдету.

Гүлшара Әбдіқалықова білім беру саласын дамыту елдің мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Білім берудің ұлттық моделі жасалып, жақсы нәтижелерге қол жеткізілді. Қазақстан Орталық Азияда алғашқы болып Болон үдерісінің және Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінің толыққанды мүшесіне айналды. Еліміз ЮНЕСКО-ның білім беруді дамыту индексі бойынша әлемнің үздік 8 мемлекетінің қатарына кіреді.

Мемлекеттік хатшы білім берудің барлық сатысының нәтижелі дамып келе жатқанына назар аударып, Назарбаев зияткерлік мектептері – отандық білім беру жүйесінің мақтанышы, ал Назарбаев Университеті жоғары білім берудің көшбасшысы болып саналатынын, сондай-ақ Президенттің «Болашақ» стипендиясымен оқу ісі табысты жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті.

– Көрме Президенттің «Болашақ» стипендиясының 25 жылдығы қарсаңында өткізіліп отыр. Осы жылдар ішінде 12,8 мыңнан астам стипендия тағайындалды. 10 мыңнан аса маман даярланды. Бүгінде оқып жатқан 1 мыңнан астам стипендиаттың басым көпшілігі АҚШ-тың үздік университеттерінде білім алуда, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

***

Көрмеге Қазақстанның 30-дан астам және әлемнің 21 елінің 70-ке жуық жоғары оқу орындары мен білім беру агенттіктері қатысты. Солардың арасында дүние жүзінің озық жоғары оқу орындары – Колумбия университеті, Уорвик университеті, Сьенспо университеті және тағы басқа білім ордалары бар.

Көрменің басты мақсаты – жаңа білім беру технологияларын көрсету, сондай-ақ білім мен ғылым саласында мемлекетаралық, университетаралық ынтымақтастық аясын кеңейту.

«International Education Fair 2018» көрмесінің қорытындысы бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, студенттер алмасу туралы 5 меморандумға қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар