Жаңалықтар

6 қыркүйек 2018
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Қазақстан қоғамын жаңғырту үдерісіндегі отбасының рөлі» атты алқалы жиынға қатысты

Басқосуға Қоғамдық даму министрі Д.Кәлетаев, Парламент депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, белгілі қоғам қайраткерлері және ғылыми ұйымдар басшылары қатысты.

Іс-шараны ашқан Г.Әбдіқалықова Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Отбасы – ең үлкен бақыт, жақсылық атаулының бәрі содан бастау алады» деген сөзіне тоқталды.

Бүгінде мемлекеттік отбасы саясаты Қазақстандағы әлеуметтік саланың негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Елбасы 2016 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын бекітті. Онда ұзақ мерзімдік мақсаттар мен міндеттер, сондай-ақ отбасылық-гендерлік саланы дамытудың бағыттары айқындалған.

Отбасы институтын қолдау үшін Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік саясаттың маңызды құрамдас бөлігінің бірі – әйелдерге және балалары бар отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету жүйесі. Олар атаулы көмектің тұтас жүйесімен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, 2003 жылдан бері бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы енгізілді, 2006 жылдан бастап барлық қазақстандық отбасыларға бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін жәрдемақы төленеді. Балалары бар отбасыларды қолдауға бағытталған шараларды бюджеттен қаржыландыру 2007 жылдан бері 5 есе өсті.

Мемлекеттік хатшы орнықты даму мақсаттарының бірі зорлық-зомбылықтың барлық түрінің таралуын айтарлықтай азайту екенін атап өтті.

– Біз мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, бұл келеңсіздікті болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіп келеміз, – деді Г.Әбдіқалықова.

Елде үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен тұрмыстық сипаттағы зорлық-зомбылық мәселелерін шешу жөніндегі 31 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Түркістан облысында «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.

Жиын соңында Мемлекеттік хатшы Қоғамдық даму министрлігіне отбасы саясаты бойынша жүйелі жұмысты жолға қоюды, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам жұмысын үйлестіруді тапсырды.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар