Жаңалықтар

28 қараша 2017
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті

Жиынға Парламент депутаттары, орталық және жергілікті атқарушы органдар басшылары, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар қатысты.

Мемлекеттік хатшы сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр», – деген пікірін атап өтті. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану және оған лайықты үлес қосу – біздің ортақ міндетіміз.

Басқосуда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы министрлігінің, сондай-ақ, Атырау, Қостанай және Маңғыстау облыстары әкімдерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау ісінің өңірлердегі жай-күйі жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Инвестициялар және даму министрліктерінің, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің ведомстволық наградаларын бекіту туралы ұсыныстары тыңдалды.

Комиссияның биылғы қызметі және 2018 жылға арналған жұмыс жоспары жөніндегі мәселе қаралды. Мемлекеттік органдар басшыларына мемлекеттік рәміздер туралы заңнамалардың бұзылуына жол бермеу, соның ішінде ішкі бақылауды тұрақты қамтамасыз ету, қолданыс тәжірибелерін жетілдіру, сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді қолдану мен насихаттау ісіне бақылауды күшейту тапсырылды.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықтық сауаттылықты және оған деген құрметті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Соңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жиналғандарды алда келе жатқан мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтады.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар