Жаңалықтар

11 тамыз 2008
Мемлекет басшысы Алматы қаласының бірқатар нысандарын аралап көрді
big-02Eg.jpg

Бейжіңдегі Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына қатысып, бүгін Алматыға келген Президент Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстік астананың бірқатар нысандарын аралады.


Мемлекет басшысы алдымен Абай және Жандосов көшелерінің қиылысында салынып жатқан айналма жолдың құрылысында болып, содан соң Рысқұлов – Розыбақиев көшелерінің қиылысында іске қосылған айналма жолды көрді. Қала әкімі Ахметжан Есімов Елбасын Сәтбаев – Жандосов, Әл-Фараби – Жароков, Райымбек – Сүйінбай, Саин – Төле би көшелерінің қиылысында салынатын айналма жолдардың жобаларымен таныстырды.


Алматыда автокөлік қозғалысын мейлінше жеңілдететін осындай 52 жол нысанын салу көзделіп отырғаны мәлім.


Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев «Райымбек тобы» компаниясының «Арзан» көтерме сауда базарында болды. Аты айтып тұрғандай, бұл көтерме сауда орнында азық-түлік пен бұқаралық тұтыным тауарлары төмен бағамен сатылатын болады.


«Райымбек тобы» компаниясының бас директоры Ерлан Шынтөренов Елбасына әңгімелеп бергеніндей, өнім өндірушілермен тікелей байланыстың жолға қойылуы және компанияның жеке өңдеу базасының болуы «Арзан» базарындағы бағаны бірқалыпты ұстап тұруға мүмкіндік беруде. Мысалы, бұл базардағы тауарлар «Рамстор» гипермаркетіндегімен салыстырғанда 45 пайызға арзан.


Бүгінгі таңда екі көтерме сауда базарына иелік ететін «Райымбек тобы» компаниясы мұндай нысандарды келешекте Қазақстанның барлық облыстарында ашуды көздеп отыр. Демек, «Арзанның» сауда жүйесі осындай 15 дүкеннен тұратын болады.


Президент Н.Ә.Назарбаев бұл бизнес-жобаны рыноктық тәсілдер арқылы инфляцияны төмендетудің тиімді жолы ретінде жоғары бағалады. Ол Алматы әкімі А.Есімовке компанияға қаланың басқа аудандарынан да сауда орындарын ашуына көмектесуді тапсырды.


- Осындай көтерме сауда базарлары Қазақстанның басқа қалаларында ашылса нұр үстіне нұр. Мен «Райымбектің» бұл бастамасын қолдаймын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Мемлекет басшысы сондай-ақ «Орбита» қазандық» кешенінде де болды. Таяу айлардың бірінде бұл нысан іске қосылады. Мұнда әрқайсысының қуаттылығы 100 гигокалория болатын үш заманауи жылу қазандығы орнатылады. Барлығы 410 гигокалориялық қуатқа шақталған қазандық қаланың «Орбита» шағын ауданынан бастап Достық даңғылына дейінгі бүкіл оңтүстік бөлігін жылумен қамтамасыз ететін болады. Осы аумақта жаңа құрылыстар көптеп бой көтеріп жатқанын ескерсек, бұл нысанның қала үшін маңызы зор.


Сол күні Елбасы Алматыдағы резиденциясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Бақытжан Жұмағұловты қабылдады. Елдің жетекші жоғарғы оқу орнының ректоры Мемлекет басшысына университеттің таяудағы үш жылға арналған даму бағдарламасын ұсынып, Қазақстандағы жоғары білім беруді дамыту туралы ойымен бөлісті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар