Жаңалықтар

2 қазан 2020
Мемлекет басшысы Кувейттің жаңа Әмірі шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахқа құттықтау жеделхатын жолдады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Кувейт мемлекетінің Әмірі шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахтың аса жауапты лауазымға тағайындалуына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады.

«Сізді таққа отырғызу туралы шешімді Кувейттің өркендеуіне және мүддесін қамтамасыз етуге ұзақ жылдан бері сіңіріп келе жатқан риясыз қызметіңізге әулетіңіз бен отандастарыңыздың берген жоғары бағасы әрі еліңіздің игілігі жолындағы болашақ жеңістеріңізге деген нық сенімінің айғағы деп білемін. Қазіргі таңда Кувейт – іргесі берік, экономикасы әлеуетті, халқының әл-ауқаты жылдан жылға артып отырған ел, сондай-ақ оның халықаралық қауымдастықтағы мерейі де үстем. Осы ретте, Сіздің басшылығыңызбен Кувейт Мемлекетінің дамуы баянды болып, игі мақсат-мұраттарға жете беруіне тілектеспін», – делінген жеделхатта

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Кувейт халықтарының игілігі үшін екі ел арасындағы шынайы достық пен өзара қолдауға негізделген әртүрлі саладағы ынтымақтастықты өрістетуге, бірлесе күш-жігер жұмсауға дайын екенін растады.

Мемлекет басшысы шейх Наууаф әл-Ахмад әл-Джабер Ас-Сабахтың аса жауапты қызметіне мол табыс, ал достас Кувейт халқына құт-береке тіледі.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар