Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

17 желтоқсан 2011
Мемлекет басшысы «Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында Төтенше жағдайды енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында

Төтенше жағдайды енгізу туралы

 

Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16)-тармақшасына, Қазақстан Республикасы «Төтенше жағдай туралы» Заңының 4,5,6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ETEMІH:

1. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында 2011 жылғы 16 желтоқсанда орын алған жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында, Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының шекараларында 2011 жылғы 17 желтоқсандағы  18 сағат 00 минут пен 2012 жылғы 5 қаңтардағы 7 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілсін.

2. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілсін.

3. Төтенше жағдайдың кезеңінде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының комендатурасы құрылып, оған Қазақстан Республикасының «Төтенше жағдай туралы» Заңымен көзделген өкілеттіктер берілсін.

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының коменданты болып Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментінің бастығы Аманжол Жайғалиұлы Қабылов тағайындалсын.

4. Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер енгізілсін:

1) қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;

2) Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жүріп-тұру еркіндігі, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігі шектелсін;

3) жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың жанындағы заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;

4) Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;

5) жиналыстарға, митингілер мен демонстрацияларға, шерулер мен тосқауылдарға тұруға, сондай-ақ ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іc-шаралар өткізуге тыйым салынсын;

6) ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;

7) көшіру-көбейту техникасын, радио және телехабарларын беру аппаратурасын, дыбыс және бейнежазба техникасын пайдалануға шек қойылсын немесе тыйым салынсын, сондай-ақ дыбыс күшейткіш техникалық құралдары уақытша алынсын;

8) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, еcіpткi заттардың психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;

9) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.

5.  Төтенше жағдайдың кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласының комендатурасы, Қазақстан Республикасының Ішкі іcтep министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қayіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленсін.

6.  Қазақстан Республикасының Бас прокуроры осы Жарлықпен белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.

7.  Қазақстан Республикасының Yкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Yкіметі резервінен қажетті қаражаттарды бөлсін.

8.  Осы Жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізілсін.

 

Қазақстан Республикасының

Президенті Н.Назарбаев

 

Астана, Ақорда, 2011 жылғы 17 желтоқсан

№ 197


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар