Жаңалықтар

30 қаңтар 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 7-інші қысқы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысты.

01

03

05

Азиаданың ашылу салтанаты Елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде өтті.

Президент өз сөзінде барша адамзаттың жартысы тұратын Азия құрлығы үшін бұл жарыс биылғы жылдың ең мәртебелі спорт мерекесі екенін атап өтті. Қазақстан ТМД және мұсылман елдері арасында тұңғыш болып осы құрлықтық шараны өткізіп отыр.

– Менің шақыруымды қабыл алып, байрақты бәсекенің ашылуына келген мәртебелі меймандарға ризашылық білдіремін. Азия Олимпиадалық Кеңесінің президенті Ахмад әл-Фахад әл-Сабах мырзаға және Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Жак Рогге мырзаға алғыс айтамын. Олимпиадалық ойындар бүгінде елдер мен халықтар арасындағы достықтың алтын арқауына айналды. Байырғы байтақ мекенде бізді Азиада рухы жақындастыра түседі деп сенемін, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Азия ойындары Астана мен Алматы қалаларында қатар өткізілетін болады. Ойындардың ұраны: «Мақсаты бірдің – рухы бір». Бүгін Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен келісімнің берекелі бесігіне баланған Астанада олимпиада алауы жағылды. Мұнда әлемдік деңгейдегі жаңа спорт нысандары бой көтерген болатын. Солардың бірі – ойындардың ашылу салтанаты өткен, 30 мың көрерменге арналған «Астана-Арена» стадионы. Биылғы жылы қысқы Азия ойындары тарихында алғаш рет қатысушы елдердің саны жиырма жетіге жетті. Мыңға жуық спортшы спорттың 11 түрі бойынша жарыс жолына шығады.

– Спортта шекара жоқ, ол халықтарды бауырластырады. Біз жаңа ғана Азия Олимпиадалық Кеңесі туының көтеріліп, спорт саңылақтары мен төрешілердің ант беру рәсіміне куә болдық. Мен дүбірлі додада әділдік үстем болып, хас жүйріктің бәйгеден келуін тілеймін. Жанкүйерлер үшін естен кетпес қызықты шақтар мол болсын. Қазақ жеріндегі Азиаданың ізгілік алауы достықтың мәңгі жалауына айналсын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы 7-інші қысқы Азия ойындарын салтанатты түрде ашық деп жариялады.

Азия ойындары жарыстарының жалпы бағдарламасына спорттың 11 түрі енгізілген: коньки жарысы спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей (бенди), шаңғы жарыстары, биатлон, тұғырдан шаңғымен секірулер, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, шаңғымен спорттық бағдарлау. Барлығы 69 медальдар жиыны сарапқа салынады.

Президент сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар