Жаңалықтар

7 наурыз 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні қарсаңында қоғамның түрлі саласында еселі еңбек етіп, республикамыздың өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып келе жатқан бір топ әйел қауымымен кездесті.

–Сіздермен әр жыл сайын жүздесу маған үлкен қуаныш сезімін ұялатады. Жақсылық пен ізгілік, тілеулестік барша әйел қауымының табиғатына тән құбылыс.   
Сондықтан да мен, ең әуелі, Қазақстанды толайым табыстар мен өркенді істерге бастайтын жаңашыл өзгерістерде өздеріңіздің қосқан үлестеріңіз үшін шын жүректен алғысымды айтамын. Сіздер қоғамымыздағы бейбіт тірлік пен береке-бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің аса зор ұйытқысы болып отырсыздар. Қазақстанның барша қыз-келіншегіне, апа-қарындастарымызға, аяулы аналарымызға өткен президенттік сайлауда маған көрсеткен айрықша сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдірсем деймін,-деп атап өтті Елбасы алқалы басқосуда.

 

Кездесуде сөз алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Отбасы істері және гендерлік саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Айткүл Самақова қазіргі таңда елімізде қыз-келіншектердің қоғамдық, әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларда белсенді қызметтер атқаруына кең түрде жол ашатын гендерлік саясат туралы стратегияның қабылданғанына тоқталды.

 

Сондай-ақ  осы отырыста Қарағанды облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы Несіп Сейітова, Тараз қалалық №4 емханасының дәрігері Күлшат Қарбузова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дарья Клебанова, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық музыка академиясының ректоры Айман Мұсаходжаева, Орал қаласындағы «Шағын бизнес орталығы» ассоциациясының директоры Шолпан Махмудова Елбасы тарапынан ана мен баланы қорғау, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерінде жүргізіп келе жатқан сындарлы саясатына шынайы ризашылықтарын білдіріп, Мемлекет басшысының таяуда Қазақстан халқына арнаған Жолдауында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруда әйелдер қауымының қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

 

Мерекелік жиын соңында Елбасы жиналғандарға гүл шоқтарын ұсынып, сыйлықтар табыс етті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар