Жаңалықтар

5 шілде 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақорда» резиденциясында Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Хорватия Президенті Стьепан Месичпен кездесті.
big-месич.jpg

 

Келіссөз барысында Қазақстан мен Хорватияның өзара сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейтуге деген ұмтылыстары нақтыланды. Президенттер екі мемлекеттің де «халықаралық тұрақтылықты, энергетикалық қауіпсіздік пен жаппай қырып-жоятын қарудың таратылмауы, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы күресті қамтамасыз ету жағдайында мүдделері ортақ» деп атап өтті.


- Біз Хорватияға еліміздің 2009 жылы ОБСЕ-ға төрағалық ету жөнінде берген өтінішімізге өз қолдауларын білдіргендеріне ризашылығымызды білдіреміз. Бізге сауда-экономикалық қарым-қатынастарымызға жаңа серпін беретін қолданыстағы бар екіжақты механизмдерімізді толықтай пайдалануымыз қажет. 2006 жылғы менің сапарымнан кейін сауда-саттық 2 есеге өсті, бірақ қазір оның көлемі аз және біздің мүмкіндіктерімізге сай келмейді, - деді Қазақстан Президенті келіссөзден кейін журналистермен өткізген брифингте.


Нұрсұлтан Назарбаев «қазақстан-хорват ынтымақтастығының маңызды аспектісі – энергетика болып табылады» деген пікірін білдірді. Қазақстан Хорватияға және оның территориясы арқылы Европаға көмірсутектік шикізатты жеткізуге дайын. Сонымен қатар қазақстандық мұнай-газ компаниялары хорватиялық мұнай-газ құбырларының дамуына мүдделі және Хорватияның мұнай өндіретін зауыттары мен теңіз порттарын жекешелендіруге қатысуға дайын екендіктерін білдіруде.


Екі елдің Мемлекет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасының одан ары нығая түсуіне және екі мемлекет үкіметтеріне инвестицияны өзара қорғау туралы, екіжақты салық салуды тоқтату туралы, туризм және спорт саласындағы ынтымақтастық туралы үш келісімді қол қою үшін даярлауға тапсырма берді. Сонымен қатар, екі мемлекетте де өзара бірлескен консулдықтар құру жөнінде уағадаластыққа қол жеткізді. Болашақта консулдықтардың негізінде толықтай елшіліктер құрылмақшы.


Президент Стьепан Месичпен бірге Астанаға Хорватияның іскер топтарының өкілдері де келді. Олар сапар барысында қазақстандық әріптестерімен кездесулер өткізбекші. Н.Назарбаев осы кездесулер нәтижесінде қазақстан-хорват бірлескен кәсіпорындары құрылуы мүмкін деген пікірін білдірді.


Стьепан Месич өзінің осы жолғы сапарының «Хорватия мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасының барлық салалар бойынша одан ары дамуына септігін тигізеді» деген ниетін білдірді.


- Біз Қазақстанның экономикалық даму үрдісіне қайран қалудамыз. Әлемде осындай қысқа мерзімде тамаша табыстарға жеткен мемлекетті табу қиын. Біз хорват фирмаларының Қазақстанның құрылыс объектілеріне қатысуы үшін кез келген мүмкіндікті пайдалануға дайынбыз, - деді Хорватия Президенті.


Брифинг соңында журналистер екі ел басшыларына өз сұрақтарын қойды.


«Nova TV» хорват телевидениесі:

- Энергетика саласындағы бірлескен жобалар қашан жүзеге асырыла бастайды?


Қазақстан Президенті Н.Назарбаев:

- Қазақстан – мұнай мен газға бай ел. Осыған орай біз халықаралық нарыққа көмірсутектік шикізатты шығару үшін мұнай-газ құбырларын әртараптандыруға мүдделіміз. Қазір біз бұны Ресей, Каспий теңізі және Қытай бағыты арқылы жасап жатырмыз. Болашақта көмірсутекті халықаралық нарыққа шығарудың жаңа жолдарын іздейтін боламыз. Сол себепті бізге «Констанца-Панчево-Триест» бағыты бойынша өтетін құбыр қызығушылық туғызуда. Қазақстанның «Достық-Адрия» мұнай өткізу құбырына қатысуға мүмкіндігі бар.


Хорватияның жағырапиялық тұрған орны өте пайдалы және Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. Келіссөз барысында мен Хорватияның мұнай өндіретін кәсіпорындары мен газ-мұнай өткізу жүйесін жекешелендіруге қазақстандық компаниялардың қатысуына қолдау көрсетілсе деген тілегімді білдірдім. Сонда біздің компанияларымыз энергетикалық шикізатты тасымалдауға мүдделі болады.


Дина Төлепбергенова, «КТК» телеканалы:

- Менің Хорватия Президентіне екі сұрағым бар. Біз Хорватияның Қазақстанның 2009 жылы ОБСЕ-ға төрағалық етуге қатысты өтінішіне қолдау білдіру жөніндегі шешіміне разымыз. Осы шешімге келулеріңізге қандай дәлелдер әсер еткенін білсек деп едік?

Екінші сұрақ – Сіз Қазақстанда бір жарым жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлықтау рәсімінде болған едіңіз. Осы уақыттың ішінде Астананың қаншалықты өзгергені жайлы пікіріңізді айтсаңыз?


Хорватия Президенті С.Месич:

- Хорватияның Қазақстанды 2009 жылы ОБСЕ-ға төрағалық етуіне қолдау білдіруінде асқан мүдделілік жоқ. Біз Қазақстанның кандидатурасын шын жүрегімізден қолдаймыз. Біз бұның әлемдік бейбітшіліктің нығаюына септігін тигізетініне сенімдіміз.


Ал Астанаға келер болсақ, әр келген сайын мен Астананың бет-бейнесінің соншалықты жылдамдықпен өзгеріп, өркендеп жатқанына өз таңданысымды білдіремін. Астана – жаңа заманғы, ерекше көркем қала. Ол қазір жүзеге асырылып жатқан барлық жобалар іске асқан кезде тіпті тамаша қалаға айналмақ.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар