Жаңалықтар

29 маусым 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ақорда» резиденциясында Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Испанияның королі Хуан Карлос І-мен кездесті.

Кездесу барысында екіжақты экономикалық және саяси өзара әрекеттестік алдағы болашағы талқыланды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев корольдің осы сапары «Қазақстан мен Испания арасындағы ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін береді» деп атап өтті.


Келіссөз барысында екі тарап та екі елдің экономикасының қалыпты өсімін атап өтті. Н.Назарбаев бүгінгі таңда Қазақстанда ел экономикасын индустрияландырудың жүріп жатқандығын еске салды. Осыған орай Испания үкіметі мен іскер орта мүшелерінің қазақстандық әріптестерімен байланысының жағымды әсері болар еді.


- Қазақстан мен Испания арасындағы өзара тауар айналымы өткен жылы 2 есеге өсіп, 1 миллиард доллардан асып түсті. Қазақстанда испан капиталының қатысуымен 27 бірлескен компания жұмыс жасайды. Атап айтсақ, республикамызда «Репсол ИПФ» (мұнай-газ секторы), «Индра» (ақпараттық технологиялар), және «Тальго» (теміржол тасымалы) сияқты испан компаниялары табысты жұмыс істеуде, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Өз кезегінде Король де Испанияның Казақстанның экономикалық және саяси жетістіктерін қызығушылықпен бақылап отырғандығын айтты.


- Ұшақ Астанаға жақындап қалғанда мен жоғарыдан өткен жолғы сапарым барысында әлі бой көтермеген көп жаңа ғимараттардың пайда болғанын көрдім. Қала мен мемлекеттің қарқынды дамып жатқандығы көрініп тұр, - деді Хуан Карлос І.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар