Жапония Парламенті сыртқы саясат жөніндегі комиссиясының төрағасы Нобутака Мачимурамен болған кездесуде екіжақты ынтымақтастық және «Орталық Азия - Жапония» көпжақты үнқатысуы шеңберіндегі сауда-экономикалық өзара қарым-қатынас мәселелері қаралды.
- Біз Президент мырзамен біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды одан әрі дамытудың болашағы жөнінде пікірлесіп, биылғы жылдың наурызында Астанада экономика мәселелері бойынша Қазақстан-Жапония бірлескен отырысын өткізу туралы ниетімізді нақтыладық. Жапония Қазақстанды өңірдегі ең маңызды әрі келешегі зор әріптес ретінде санайды, - деп атап өтті Нобутака Мачимура журналистерге арналған брифингте.
Испанияның Сыртқы істер министрі Мигель Анхель Моратинос Мемлекет басшысын Король Хуан Карлос І-нің атынан құттықтап, оның екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дамитынына үміт білдірген хатын тапсырды.
- Испан Үкіметі Қазақстанды Орталық Азия өңірінің басқа да елдерімен қарым-қатынастарды дамытудың тұғыры ретінде қарастырады, - деп атап көрсетті Испания сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
АҚШ-тың Ауыл шаруашылығы министрі Майк Йоханнспен болған кездесуде екі ел арасындағы экономика және ауыл шаруашылығы салалары бойынша қарым-қатынастарды тереңдету мәселелері талқыланды.
- Ауыл шаруашылығы министрі ретінде мен Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығының даму барысына баға беретін америкалық компаниялар өкілдері енген жұмыс тобын құру жөнінде мүмкіндіктің бар екенін атап көрсеттім, - деді М.Йоханнс.
Министр сондай-ақ «Қазақстанның Орталық Азия өңірінде атқарып келе жатқан көшбасшылық әрі тұрақтандырушы рөлін» атап көрсетті.
- Бізде Қазақстанмен екіжақты оң өзара қарым-қатынас қалыптасты. Бірнеше жылдардан бері біз біртұтас мәселелер, әсіресе қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелер бойынша қоян-қолтық жұмыс істедік. Қазақстанның қолдау көрсетуі біз үшін аса маңызды және ол қолдаудың көрсетілгеніне біз ризашылық білдіреміз, - деп атап көрсетті ол.