Жаңалықтар

10 шілде 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Уильям Бернсті қабылдады.

У.Бернс Қазақстан Президентіне АҚШ Президенті Барак Обаманың ыстық ықыласты сәлемін жеткізді. У.Бернс өзі бастап келген америкалық делегацияның Астанаға сапары «Президент Обаманың Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа жоғары басымдық беретінінің» айқын көрінісі екенін атап өтті.

Мемхатшының орынбасары Нұрсұлтан Назарбаевты АҚШ басшысының Мәскеуге жасаған сапарының қорытындылары туралы хабардар етті.

- АҚШ Президентінің Мәскеуге сапары өте табысты өтті. Ресми Вашингтон Ресеймен арадағы жақсы қарым-қатынастарға үлкен мән береді. АҚШ сондай-ақ Қазақстанмен қарым-қатынастарды және ынтымақтастықты жоғары бағалайды, - деп атап көрсетті У.Бернс.

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты дамыту және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету перспективалары, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның АҚШ Президенті Барак Обаманың 2010 жылы Нью-Йоркте ядролық қауіпсіздік жөнінде жаһандық саммит өткізу туралы бастамасын қолдайтынын атап өтті.

Өз кезегінде Мемхатшының орынбасары АҚШ Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін қолдайтынын мәлімдеді.

Тараптар сондай-ақ өзара мүдделестік тудыратын халықаралық мәселелерді, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру проблемасын талқылады.

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселелерінде өзінің көшбасшылығын көрсетті. АҚШ ядролық қарудың таралуына жол бермеуге және басқа елдерге осы істе үлгі болуға мүдделі. Бұған президенттер Дмитрий Медведев пен Барак Обаманың арасындағы болашақта ядролық арсеналды одан әрі қысқарту туралы қол қойылған келісім негізінде орныққан өзара түсіністік дәлел бола алады. Сондықтан АҚШ Қазақстан Президенті көрсетіп отырған көшбасшылықты жоғары бағалайды, - деді У.Бернс журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар