Жаңалықтар

5 қыркүйек 2005
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді. Бүгін Президент қаланың бизнес өкілдерімен кездесіп, Алматының экономикалық ахуалы мен кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

58.jpg

58.jpg

59.jpg

60.jpg

61.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келді. Бүгін Президент қаланың бизнес өкілдерімен кездесіп, Алматының экономикалық ахуалы мен кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелерін талқылады.

 
Сондай-ақ Елбасы нөмірі 12-ші гимназияға барып қаланың білім беру қызметкерлерімен кездесті. Нұрсұлтан Назарбаев ұстаздар мен мектеп оқушыларын жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтай отырып, Қазақстанда инновациялық білім беру саласын дамытуға мемлекет тарапынан алдағы уақытта да басым көңіл бөлінетінін атап айтты.

 
Мемлекет басшысы білім беру қызметкерлеріне арнап сөйлеген сөзінде - «Біз 14 жылда мүлдем жаңа Қазақстанды құрдық. Әрине біздер үлкен қиыншылықтарды бастан өткердік. Осы орайда мен мемлекетті дағдарыстан шығаруға үлес қосқандары үшін Қазақстанның барлық ұстаздар қауымына алғысымды білдіремін, сіздердің төзімдеріңізге, сенімдеріңіз бен үміттеріңізге басымды иемін», - деді.

 
«Бүгінде біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Біз елдің экономикасын көтердік, соның нәтижесінде бүгінде өсу көрсеткіші бойынша әлем елдерінің бірінші бестігіне кіреміз. Экономиканың қарқынды дамуының арқасында біз әлеуметтік мәселелерді, ең бастысы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын адамдардың  проблемаларын шешуге көңіл бөле аламыз. Бүгінде мұғалімдер мен дәрігерлерге қамқорлық көрсету ең маңызды мәселе болып табылады. Біздер алға қойған реформалардың бірінші бөлігін жүзеге асыруымыздың өзі – мемлекеттің ұлағатты ұстаздар қауымына деген қамқорлығын білдіреді. Мұғалімдердің айлығы 60 пайызға өсті, мәртебелері көтеріліп, осы мамандықтың беделі қайта жаңғыруда», - деп атады Президент Н.Назарбаев.

 
Бұдан кейін Елбасы «Алпроф» консорциумында болды. Аталған кәсіпорын жұмысына ендірілген неміс және италян технологиялары құрылыс саласы үшін жоғары сапалы метал өнімдерін өндіруге жағдай жасап отыр.

 
Нұрсұлтан Назарбаев осындай кәсіпорындардың қазақстандық экономиканың бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудағы мәніне тоқтала отырып, зауыт ұжымына табыстар тіледі.

 
Аты аңызға айналған Райымбек батырдың кесенесінде Президент Н.Назарбаев пен зайыбы Сара Назарбаеваны дін және қоғам өкілдері, атақты батырдың туған-туыстары қарсы алды.

 
Сондай-ақ Елбасы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының аясында Райымбек даңғылы бойында салынып жатқан жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. Биылғы жылы аталған құрылыс алаңындағы алғашқы 7 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.

 
«Алматыда жылына миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынбағалы көп уақыт болды. Ал бүгінде алдымыздағы үш жыл көлемінде екі миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу көзделіп отыр. Қазіргі күні 1 859 пәтер пайдануға берілді, ал тұрғын үй құрылысына арналған инвестицияның жалпы құны 17 миллиард теңгені құрады. Құрылыс индустриясында жүздеген мың адам жұмыс істеуде. Ал жұмыс болса, көңіл күйдің де орнығатыны белгілі», - деді Президент.


Осыдан кейін Мемлекет басшысы Саин мен Райымбек көшелерінің қиылысындағы айналма жол құрылысында болды. Президентке қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов еріп жүрді. Осы жол торабы арқылы тәулігіне 120 мың автомашина жүріп өте алады.

 
Нұрсұлтан Назарбаев құрылысқа қатысушылармен кездесуінде Мемлекет тарапынан осы жол құрылысына алты жарым миллиард теңге қаражат жұмсалғанын, республикада барлығы он жеті айналма жол салу жоспарланғанына тоқталды. Айналма жол қаладағы көлік жүктемесін азайтатынын атап айтты.


Президент троллейбус және автобус құрастыратын «Электротранс-сервис» ЖШС зауытында болып, елімізде жақсы машинақұрылысы қалыптасқанын атап айтты. «Біздің өнімдер бәсекелестікке қабілетті болуға тиіс, бүгінде мен қазақстандық автобустар мен троллейбустарды көргеніме қуаныштымын» - деді Елбасы.






Мемлекет басшысы Орталық стадионда алматылық жоғары оқу орындарына түскен талапкерлердің студенттер қатарына қабылдануын салтанатты түрде атап өтетін «Жас талап» фестиваліне қатысты. Сондай-ақ Президент аталмыш мерекеге орай жоғары оқу орындарының студенттері үшін жүлде қоры 5 миллион теңгені құрайтын интеллектуалдық сыйлық тағайындалғанын айтты. Президент жоғары оқу орнына интеллектуалдық сыйлықты тапсыру құқын Қазақстан студенттері альянсына жүктеді. Мемлекет басшысы қаладағы жоғары оқу орындарынан жиналған жас өскінді қуанышты сәттерімен, яғни кезекті жаңа ғұмырлары – студенттік шаққа қадам басуларымен құттықтап, зор денсаулық, бақыт және жетістіктер тіледі.

 
Нұрсұлтан Назарбаев бірінші курсқа қабылданған екі жасқа студенттік билеттерін тапсырды. Бұған жауап ретінде студенттер Елбасына нөмірі бірінші студенттік билет тапсырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар