Жаңалықтар

8 ақпан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астанабасжоспар» МКК-да болып, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов пен Астана әкімі Асқар Маминнің қатысуымен елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Елбасының назарына елорданың жаңа орталығы құрылысының тұжырымдамасы мен «ескі» қаланы жаңғыртудың жобалары ұсынылды. Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақ драма театрының ғимараты, «Тәуелсіздік», «Қазақстан халықтарының достығы», «АЛЖИР құрбандары» ескерткіштерінің жобаларымен танысты.


- Қуатты қарқынмен салынып жатқан елорда барша қазақстандықтар мен біздің қонақтарымыздың таңданысын тудырады, елордалық рух қалыптасып келеді, астаналықтардың санасында айтарлықтай өзгерістер болды. Бізге тек әсем қала салып қана қоймай, сонымен қатар елорданың өзіндік қайталанбас ерекшелігін қалыптастыру қажет. Қазірдің өзінде аса зор жұмыстар жасалынды, алайда алда одан да көп жұмыстар тұр, - деді Нұрсұлтан Назарбаев кеңесті ашу кезінде.


Елбасы өзінің сөйлеген сөзінде қаланы салу кезінде орын алған проблемалық факторларға назар аударып, Үкімет пен елорда басшылығының алдына қаланы одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты міндеттер жүктеді.


Мемлекет басшысы Астана құрылысы кезінде ескерілуі тиіс талаптарды айқындап берді. Олардың қатарында: бағасы қолжетімді жерастылық коммуналдық паркингтер құрылысының қажеттілігі; инвесторлардың құрылысты инженерлік инфрақұрылыммен және әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етуі; барлық қала салу нормалары мен елорданың ортақ сәулет ой-өрнегін сақтау мәселелері бар.


Президент Астананы одан әрі дамыту туралы шешім қабылдауда басқа қалалар мен әлем астаналары құрылысының тәжірибесін пайдалану қажеттілігін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы елорданың өнеркәсіптік аймағын жайластыру жайына және онда жоғары технологиялық өндірістерді дамыту мәселелеріне баса назар аударды.


Елбасы Үкіметке Астана әкімшілігімен бірлесе отырып шетелдік және отандық мамандардың қатысуымен елорда құрылысын салу бас жоспарын түзету тұжырымдамасына сараптама жүргізуді тапсырды.


- Елорданы салудың бас жоспары инвесторлар мен жеке құрылымдардың мүдделік ықпалына түспеуі тиіс. Бас жоспар – бұл қаланың конституциясы. Оны түзету тәртібі санаға қонымды әрі сындарлы болуы тиіс. Оған әркімнің бір өзгеріс енгізуіне жол бермеу керек. Қандай да бір шешім қабылдау үшін бір ғана шарт – жоғары кәсіби және байсалды сараптамалық ұйғарым болуы тиіс. Қаланы дамытудың негзігі мәселелерін реттейтін нақты ереже әзірлеу және басжоспарға түзету енгізудің айқын процедурасын жасау қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар