Жаңалықтар

13 ақпан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген мәжілісіне қатысты.
asfdfgh1.jpg

- Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет - ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады. Осы орайда “Мәдени мұра” бағдарламасы - мәдениетке деген мемлекеттік көзқарастың соны стратегиялық ұстанымын айқындаған маңызды жоба болды. Ол жаңадан қалыптасып жатқан қазақстандық қауымдастықтың әлеуеті мен гуманистік бағыт-бағдарын танытты, - деді Мемлекет басшысы кездесуді ашу кезінде.


2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен барлығы 2,7 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.


Бағдарламаны жүзеге асыру аясында 35 тарихи және мәдени археологиялық ескерткіштер, оның ішінде Айша Бибі, Арыстан баб, Абат Байтақ, Ысмайыл ата, Сырлы там, Есім хан, Шоқай датқа, Оқша ата, Қара сопы кесенелері, Аққойлы, Қарақожа, Ақтас, Үшарал, Шопан ата, Қараман ата мешіт-медреселері мен мазарларына және басқа да тарихи-сәулет ескерткіштеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қазақстан аумағында орналасқан 30 қалашық, қорым мен қорғандарға маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді.


Бағдарлама аясында Қытай Халық Республикасының, Түркияның, Моңғолияның, Өзбекстанның, Батыс Еувропа елдерінің мұрағаттары мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, оның нәтижесінде елдің ғылыми топтарына бұрын белгісіз болған Қазақстан тарихы, этнографиясы, өнері туралы 5000-ға тарта қолжазбалар мен баспа басылымдары табылып, елге алынды.


Сондай-ақ отырыста сөз алған Археология институтының директоры, академик Карл Байпаков, археолог Зейнолла Самашев, Ұлттық кітапхана директоры Мұрат Әуезов, Шығыстану институтының директоры Меруерт Әбусейітова, Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасов, жазушы Сауытбек Абдрахманов, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақселеу Сейдімбек, Парламент депутаты Қуаныш Сұлтанов «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырудың қорытындыларын жоғары бағалады.


Өзінің қорытынды сөзінде «Мәдени мұра» бағдарламасын жалғастыру қажеттілігін атап өткен Мемлекет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне тиісінше 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарлама жасап, жүзеге асыруды тапсырды.


- “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасының идеясы әуел баста ұзақ мерзімдік үлкен жоба ретінде көзделгендіктен, өткен үш жылға арналған бағдарламаны осы жобаның бірінші кезеңі деп қарай отырып, қолға алынған көптеген ауқымды шараларды әрі қарай жалғастыру қажет. Өйткені осының бәрі үлкен істің бастамасы ғана. Алда атқарылар шаруалар шаш-етектен екенін өздеріңіз де білесіздер. “Мәдени мұра” бағдарламасы ел тарихында, ұлттық тағдырымызда айрықша орын алатын әлеуметтік жоба болып қалары сөзсіз. Бұл бастаманың ел рухының көтеріліп, ұлт жадының жаңғыруына септігін тигізетін құбылыстарының біріне айналғаны ақиқат, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасы Қоғамдық кеңес пен Мәдениет және ақпарат министрлігінің алдына Қазақстанның тарихи-мәдени мұраларын одан әрі байыту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар қойды.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар