Жаңалықтар

10 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өз жұмысын бастаған Еуразиялық университеттер қауымдастығының XI съезінің ашылуына қатысты.

Өзінің сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев съездің 1994 жылғы наурызда Мәскеу мемлекеттік университетінде өзі ұсынған Еуразиялық одақ құру туралы бастаманың 15 жылдығы қарсаңында өтуінің символдық мәнін атап өтті.


Жаһандық экономикалық жүйені реттеудің тұжырымды тәсілдерін ауыстыру қажеттігін атап өткен Мемлекет басшысы Еуразиялық кеңістіктің ғылыми қоғамдастығы өкілдерінің алдында әлемде болып жатқан үдерістерге қатысты өзінің көзқарасын білдірді.


- Бүгін мен ұзақ мерзімді перспективада еуразиялық ықпалдастыққа балама жоқ екендігіне нық сенімдімін, - деп атап көрсетті Президент.


Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, 15 жыл ішінде еуразиялық теориясы нақты іске аса бастады және бүгінде еуразиялық ықпалдастықтың үш өлшемі – экономикалық, әскери-саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар жөнінде айтуға болады.


Экономикалық салада ЕурАзЭҚ аясындағы ықпалдастықтың нақты тетіктері құрылды. Әскери-саяси салада ҰҚШҰ, ШЫҰ және АӨІСШК ұйымдарының жұмысын атап өтуге болады. ТМД елдерінің атынан ұсынылған Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы лауазымында планетадағы ең үлкен құрлықты бейбітшілік пен халықтардың өзара түсіністігінің ортақ кеңістігіне айналдыруға ұмтылады.


Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде еуразиялық ықпалдастықтың мәдени-гуманитарлық өлшемі айрықша маңызға ие болып отырғанын атап өтті.


- Қазіргі таңда біздің міндетіміз – бай рухани мұраны арттыру және жиған-терген білімді бүкіл аймақтың жемісті дамуына пайдалану. Оны іске асыруға жедел кірісу керек, - деді ол кездесуге қатысушыларға арнаған сөзінде.


Нұрсұлтан Назарбаев өзінің пікірінше, еуразиялық мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты дамыта түсудің бірқатар бағыттарын атап көрсетті. Атап айтқанда, инновациялық дамуға көшу, бірыңғай еуразиялық білім беру кеңістігін құру, жастармен жұмыс, мәдени және тілдік әралуандылықтың ортақ құндылықтары негізінде бірыңғай еуразиялық сәйкестілікті қалыптастыру, азаматтардың бір жерден екінші жерге қатынау еркіндігін барынша қамтамасыз ету.


Қазақстан Президенті ғылыми және университеттер қоғамдастығы өкілдері осы міндеттерді шешу маңыздылығын жете ұғынатынына сенім білдірді.


- Мен өз бастамаларымның көпшілігін алғашқы рет биік мінбелерден емес, ғалымдардың, университеттердің профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттердің алдында айтып жүрмін, - деп атап көрсетті ол.


Еуразиялық университеттер қауымдастығы 1992 жылы КСРО Университеттер қауымдастығының негізінде құрылған және аймақ елдерінің бірыңғай білім беру кеңістігін сақтау мәселелерімен айналысады.


Қазіргі таңда Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Украина сияқты елдердің 98 университеті Қауымдастыққа мүше болып табылады.


Қауымдастықтың президенті – М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры, Ресей ғылым академиясының вице-президенті В.А.Садовничий.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар