Жаңалықтар

1 сәуір 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың бірқатар жаңа объектілерінің құрылысы барысымен танысты.
01.04.2010

Президент Жаңа университеттің құрылыс алаңында болды. Бұл жоғары оқу орны инженерлік, жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар, бизнес, мемлекеттік саясат және медициналық мектеп тәрізді бірнеше мектептен тұрады.

Студенттердің басым көпшілігі мемлекеттік білім беру гранты бойынша білім алып шықпақ. Оқытушылар әлемнің жетекші университеттерінің тәжірибесі негізінде әзірленген бағдарлама бойынша ағылшын тілінде білім беретін болады.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жалпы алаңы 133 мыңнан астам шаршы метр болатын, бір мезгілде 20 мың адам қабылдай алатын «Хан шатыры» сауда-ойын-сауық орталығының құрылысы барысымен танысты. Жеті қабаттан тұратын ғимаратта дүкендер, кинотеатрлар, балалардың ойын алаңдары, СПА-салондар, фитнес-орталықтар орналасады. Ең жоғарғы секторда үш бассейн орналаспақ.

Одан кейін Президент 1250 орынға жоспарланған жаңа Опера және балет театрының ғимараты орналасатын маңға капсул қойды. Ғимараттың жобасы классикалық архитектуралық үлгіде салынады.

Рәсімге қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Н.Назарбаев осы үш объекті бірегей ғимараттар екенін атап өтті.       

- Елорда осындай бірегей объектілерімен әсерлі болуы керек, - деп атап өтті Мемлекет басшысы. – Барлық объекті бюджет есебінен емес, жекменшік инвестиция есебінен салынып жатқанын атап өткім келеді. 

Президент қазіргі уақытта Астанада әлемдік стандарттардан кем соқпайтын денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік-мәдени салада заманауи объектілер салынғанын атап өтті. Ендігі жерде қаланың әсем де әдемі болуы маңызды. Қаланы жасыл желекпен көмкеріп, көшелерде тазалық пен тәртіп сақтаумен шұғылдану қажет.

Мемлекет басшысы елордалық тұрғындар астаналық дәрежеге лайықты болуы қажеттігіне назар аударды.

Бұл күні Н.Назарбаев «Шабыт» шығармашылық үйінің құрылысы барысымен танысты.     


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар