Жаңалықтар

12 желтоқсан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Атамекен» кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің жалпыұлттық одағы» басқармасының мүшелерін қабылдады.

Кездесу барысында мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.

 

- Тәуелсіздік жылдары ішінде біз мемлекет пен бизнес арасында өзара сенім мен қолдауға негізделген өзара іс-әрекет етудің әріптестік үлгісін құра алдық. Бүгінгі күні құрамына бизнес өкілдерімен қатар атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері кіретін кәсіпкерлер одағы құрылып, қызмет етуде, «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заң әзірленіп, қабылданды. Біз алдағы уақытта да кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау саясатын жалғастыра бермекпіз. Ол бұған дейін өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдей алды, - деді Елбасы елдің іскер топ өкілдеріне арнаған сөзінде.

 

Мемлекет басшысы 2007 жылға дейін барлық деңгейдегі шағын кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік инфрақұрылымы жүйесін құру аяқталатынын атап өтті және Қазақстанда бизнесті дамытуға одан әрі жәрдемдесудің басым бағыттарын айқындады.

 

- Барлық азаматтар мен бизнесмендерге көлеңкеден шығып, жасырын мүлік пен капиталды заңды айналымға қайтаруға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Бұл кәсіпкерлерге заңдастырылған мүлікті несиелендіруді қамтамасыз етуге пайдалануға мүмкіндік береді және тұтастай алғанда, экономиканың бейресми секторын қысқартуға ықпал етеді. Біз жоспарлы түрде кәсіпкерлікке арналған салықтық жүктемені төмендетіп келеміз. Ағымдағы жылдың шілде айында Салық кодексіне 2007 жылдан бастап қосымша құн салығы ставкасын 14 пайызға дейін төмендетуді және оны төлеуді жеңілдетуді қарастыратын өзгерістер енгізілді. Мемлекет кәсіпкерлікті қаржылық қолдау шараларын жүзеге асыруда. Жеке бизнесті микрокредиттеу жүйесі дамуда, ол өз кезегінде банктік несиелендіру құнын төмендетуге ықпал етеді. Биылғы жылы микрокредиттік ұйымдардың саны 627-ні құрады. Оларға 6 миллиард теңгеден астам несие бөлінді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қазақстан экономикасын әртараптандырудағы ірі бизнестің ролін атап өтті.

 

- Біздің компаниялар өз мүдделерін отандық өндіріске және ұлттық инфрақұрылымға шоғырландыруы тиіс. Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі орайында біздің өнеркәсібіміз бәсекеге қабілетті әрі экспортқа бағытталған, ал шығаратын өнім – сапалы болуы тиіс, - деп атап өтті Президент.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар