Жаңалықтар

12 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ шетелдік және отандық инвесторлармен Маңғыстау облысында «Каспий энергетикалық хабі» жобасын жүзеге асыру мәселелері бойынша кездесу өткізді.

 

Оған мемлекеттік органдардың, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, сондай-ақ «ПФС Энерджи Интернешнл», «Голф Файнанс Хауз», «Нуф риал эстейт», Ислам Даму банкі, Кувейт инвестициялық компаниясы, Оман зейнетақы қоры, «БАӘ ұлттық облигациясы» компаниясы, «Дуние Сток Энерджи» ЖШС, «Маңғыстау» инвестициялық компаниясы» АҚ сияқты бірқатар компаниялар мен қаржылық құрылымдардың басшылары қатысты.

Каспий энергетикалық хабі Ақтау қаласының маңында құрылатын болады. Оның аясында озық технологиялардың көпбағытты орталығын құру, техникалық, басқару және коммерциялық қызмет көрсету, аймақтың мұнай-газ өнеркәсібі үшін жоғары білікті мамандар даярлау көзделіп отыр.

Жобаны әзірлеу мен жүзеге асыру жөніндегі жұмыстар екі жыл бойы жүргізіліп келеді. «Каспий даму орталығы» жобалық компаниясы құрылды. Жалпы тұжырымдамасы мен дизайны әзірленді. Арнайы сертификаты бар қазақстандық университет құрудың жоспарын әзірлеу мақсатында еуропалық және американдық университеттерімен өзара түсіністік туралы үш меморандумға қол қойылды.

Елбасы кездесуге қатысушыларға арналған сөзінде Қазақстан «Каспий энергетикалық хабі» жобасын жүзеге асыруға үлкен маңыз беретінін атап өтті, сондай-ақ оны іске асыруға ел басшылығы тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін атап айтты.

Кездесу барысында инвесторлар жобаға қолдау көрсетіп отырғаны үшін Президентке алғыс білдірді, сондай-ақ оны жүзеге асыру барысы туралы хабардар етті. Атап айтқанда, тараптардың жаһандық экономикалық дағдарысқа қарамастан, ауқымды жобаны жүзеге асыруды бастауға дайын екендігі әңгіме болды.

«ПФС Энерджи Интернешнл» компаниясы Директорлар кеңесінің төрағасы Вахан Заноянның пікірінше, Каспий энергетикалық хабі Қазақстандағы ең маңызды жобалардың бірі болып табылады. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын инвестиция көлемі 15 миллиардқа жуық АҚШ долларын құрайды деп көзделіп отыр.

- Біздің делегацияның құрамында өте жоғары деңгейдегі инвесторлар тобы жиналып отыр. Негізінен, олар Таяу Шығыс елдерінің әр түрлі ұйымдарының өкілдері болып табылады. Олардың әрқайсысы бұл жобаға елеулі қаржы салуға ниетті. Біз осы мәселе төңірегінде белгілі бір уақыттан бері жұмыс жүргізіп келеміз. Жобаның құрамына бірқатар мамандандырылған нысандардың құрылысы, сондай-ақ тек Қазақстанда ғана емес, тұтастай алғанда, Каспий теңізі өңірінде жұмыс істейтін мұнай-газ компанияларына технологиялық, кадрлық және басқа да қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету кіреді, - деп атап өтті В.Заноян.

Кездесуге қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Каспий энергетикалық хабі технологиялық-сервистік қызмет көрсету және офшорлық жобалардағы мұнай операцияларын жүргізу үшін кадрлар дайындау мақсатында құрылып жатқанын баяндады.

Оның айтуынша, Ақтау қаласының маңындағы Каспий теңізінің жағалауынан 1200 гектар жер бөлінген «Каспий энергетикалық хабі» жобасының инженерлік инфрақұрылымы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі сәуір айында аяқталмақ. Осыдан кейін сыртқы инженерлік инфрақұрылым құрылысына қаражат бөлініп, бірнеше кластерді құрайтын негізгі нысандардың құрылысы басталады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар