Жаңалықтар

12 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шет елдердің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Атап айтқанда, Президентке сенім грамоталарын Қазақстан Республикасындағы Ливан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Вазген Кавлакян, Грек Республикасының Елшісі Евангелос Денаксас, Вьетнам Социалистік Республикасының Елшісі Ву Тхе Хиеп, Болгария Республикасының Елшісі Стоян Ризов, Ауғанстан Ислам Республикасының Елшісі Абдул Хай Хайдер, Малайзия Елшісі Датук Со Хон, Корея Республикасының Елшісі Ди Бён Хва, Норвегия Корольдігінің Елшісі Даг Малмер Халворсен табыс етті.


Сенім грамотасын тапсыру рәсімінде сөз сөйлеген Н.Назарбаев жаңадан тағайындалған елшілердің бүкіл жаһандық экономика мен әлемнің орнықты дамуына сын болған қаржылық экономикалық дағдарыс кезеңіндегі бүкіл әлемдік қоғамдастық үшін де, біздің еліміз үшін де қысылтаяң кезде жұмысқа кірісіп отырғанын атап өтті.


- Дағдарыс жағдайында барлық елдермен өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту экономикалық өсімді қолдау үшін маңызды фактор болып табылады. Сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылдың жаңа, барынша тиімді түрлерін іздестіру міндеті пайда болды. Бүгінде бізге дағдарыстың кері әсері мен салдарын жою үшін күш-жігерімізді біріктіру қажет. Қазақстанның тұрақты әрі орнықты дамуы елімізді тартымды экономикалық әріптеске айналдырады, - деді Президент.


Мемлекет басшысы елшілер жұмысының маңыздылығы мен жауапкершілігін атап көрсетті және олардың қызметі екіжақты қарым-қатынастарды кеңейту мен тереңдетуге, біздің елдеріміздің ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуге маңызды серпін беретініне үміт білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар