Жаңалықтар

19 маусым 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шет елдердің Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Президентке Оман сұлтандығының Төтенше және Өкілетті елшісі Ахмад Бен Наср Хаммад Әл-Махрази, Үндістанның Қазақстандағы елшісі – Ашок Саджанхар, Польша Республикасының Қазақстандағы елшісі – Павел Чеплак және БҰҰ үйлестірушісі, БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі – Шу Хаолянь сенім грамоталарын тапсырды.


Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінде Президент Н.Назарбаев Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бергі қысқа тарихи кезеңде халықаралық қарым-қатынастар саласындағы сенімді әрі жауапты әріптеске айналғанын атап өтті. Көп векторлы, теңдестірілген, байыпты саясат және сындарлы үнқатысу біздің еліміз сыртқы саясатының негізгі қағидалары болып қала бермек.


- Қазақстан БҰҰ-ға мүшелік еткен жылдар ішінде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша үлес қосты. Біздің еліміз ядролық қару, жаппай қырып-жою қаруын таратпау, қақтығыстарды болдырмау, есірткі трафигімен, заңсыз қару-жарақ сатумен, ұйымдасқан қылмыспен және заңсыз көші-қонмен күрес мәселелері жөнінде байыпты көзқарас ұстанады, - деді Мемлекет басшысы БҰҰ аясындағы Қазақстанның қызметін бағалай келіп.


Президент Үндістанмен арадағы саяси үнқатысудың дамуына қанағаттанатынын жеткізді. Екі ел де аса көкейкесті халықаралық мәселелер бойынша ұқсас пікір ұстанады. Қазақстан Үндістанды әлеуетті стратегиялық әріптес ретінде қарастырады және екіжақты қарым-қатынастарды түрлі бағыттар бойынша, соның ішінде әскери-техникалық, мәдени-гуманитарлық, ақпараттық технологияларды енгізу салаларын дамытуды қолдайды.


Сондай-ақ Мемлекет басшысы Оман сұлтандығы Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған бірінші араб мемлекеті болғанын еске салды. Сұлтандық Қазақстанға стратегиялық маңызы бар, атап айтқанда мұнай саласындағы жобаларды жүзеге асыруда барынша жәрдемдесті.


- Ағымдағы жылдың қараша айында менің Оманға ресми сарапым екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мен тереңдетудің жолдарын айқындауға мүмкіндік береді деп үміттенемін, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар