Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

9 қыркүйек 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шетелдердің Қазақстан Республикасында жаңадан тағайындалған Елшілерінің Сенім грамоталарын қабылдады.

Президентке Төтенше және өкілетті Елшілер: Әзірбайжан Республикасынан – Закир Ариф оглы Гашимов, Ирак Республикасынан – Раджех Сабер Аббуд әл-Мусауи, Қытай Халық Республикасынан – Чжоу Ли, Пәкістан Ислам Республикасынан – Мохаммад Ахтар Туфаиль, Түркия Республикасынан – Лале Улькер, Украинадан – Олег Демин Сенім грамоталарын тапсырды.

Рәсім кезінде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Сенім грамоталарын тапсыру рәсімі мұсылмандандар үшін қасиетті мейрамның алғашқы күні – Ораза айтпен сәйкес  келіп отырғанын атап өтті.

- Ирак біздің елімізге географиялық жағынан едәуір жақын араб әлеміндегі елдің бірі болып табылады, сондықтан Қазақстан Иракта бейбітшілік пен тұрақтылықтың нақты орнығуына, ондағы өмірдің қалпына келуіне мүдделі, - деді Мемлекет басшысы.

Президент Әзірбайжан Республикасы Қазақстанның Каспий теңізі бойынша маңызды көршісі болып табылатынын атап өтті. Екі елді тамыры ортақ тарихымен бірге, екі жақты сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы, Каспий мәселесіндегі ұстанымдарының ұқсастығына деген ұмтылысы біріктіретініне тоқталды.

Қазақстан сондай-ақ Ислам әлемі мен Оңтүстік Азия өңірінде маңызды рөл ойнайтын Пәкістан Ислам Республикасымен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді. Біздің еліміз бірқатар өңірлік және халықаралық ұйымдар аясында өзара байланыс орнықтырып келеді.

- Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыты болып табылады. Біздің қарым-қатынастарымыз – жоғары деңгейдегі саяси сенім мен қарқынды өсу үстіндегі сауда-экономикалық байланыстарға негізделген, табысты әріптестігіміздің жарқын мысалы, - деп атап көрсетті Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан Түркия Республикасымен көпжоспарлы өзара іс-қимылды дамытуға үлкен мән беретінін атап өтті. Әсіресе, «Жаңа синергия» бірлескен бағдарламасы сауда-экономикалық және инвестициялық салаға жаңа серпін береді.

Президент сондай-ақ Қазақстан Украинамен достық пен ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына мүдделі екеніне тоқталып өтті. Екі елдің халықтарын тарихи және мәдени дәнекерлік, Қазақстандағы бірнеше мыңдаған Украин қауымдастығының желісі бойынша тағыз байланыстар жақындастыра түседі.

Өз кезегінде жаңадан тағайындалған Елшілер Мемлекет басшысына жылы жүзді қабылдауы үшін алғыстарын айтты және өз елдерінің Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерлерін аяп қалмайтындарына сенім білдірді.        

Президент сөзінің мәтінін мына жерден қараңыз. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар