Жаңалықтар

27 наурыз 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Бельгияның сыртқы істер министрі Карл де Гюхтты қабылдады.
218.jpg

Кездесу кезінде Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ Қазақстан-Бельгия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту мәселелері талқыланды.

- Біріншіден, мен мұнда Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде келіп отырмын. Орталық Азия ЕҚЫҰ үшін аса маңызды өңір болып табылады, ал Қазақстан аталған аймақтағы маңызы аса зор ел. Сонымен бірге, Қазақстан алдыға осы ұйымға таяу жылдары төрағалық ету жөнінде биік мақсат қойған, сондықтан осында келіп, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ның қандай маңызы бар екенін «көзбе көз» талқылау біз үшін аса маңызды. ЕҚЫҰ үшін Венаның шығыс бөлігінде жатқан бір елдің төрағалық етуі аса қажет. Бұл орайда Орталық Азия өңірі біз үшін маңызды және біз осы мәртебелі орынға өңірде тек Қазақстанды ең лайықты әрі мүмкіндігі бар үміткер деп санаймыз,-деп атап көрсетті ЕҚЫҰ төрағасы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

Карл де Гюхт сонымен қатар «қазіргі таңда бүкіл әлемде өркениеттер қақтығысы байқалып жатқан тұста Қазақстанда орныққан төзімділік ауанын» атап өтті. Ол сондай-ақ тұрлаулы экономикалық даму мен ел экономикасын әртараптандырудың жетістігіне тоқталды.

-Қазақстанда аса жоғары экономикалық өркендеу байқалады, ал ең бастысы, сіздерде экономика әртараптандырылып, шағын бизнесті өркендетуге маңыз берілуде, экономикалық дамуда оң үрдістер орнығуда. Тұрлаулы экономикалық даму, қоғамдағы төзімділік сияқты осындай жағымды құбылыстарды көре отырып, мен, Қазақстанның елде кең көлемді демократиялық өзгерістер жасауға барлық алғышарттары бар деп есептеймін және елдеріңіз осы істі еңсере алады деп ойлаймын. Тұрлаулы экономикалық даму тұрлаулы демократияның нық тұғыры болып табылады. Президенттің өзі төрағалық ететін жақында құрылған мемлекеттік комиссия таяу мерзімде Қазақстанда саяси реформалармен ахуалды жақсартатын ұзақ мерзімді әрі аса маңызды ұсыныстар әзірлейді деп үміттенемін.

Дипломат ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен белсенді түрде ынтымақтасуға ниетті екенін жеткізді.

-Орталық Азияда бүкіл өңір ішінде экономикалық даму, төзімділік, тұрақтылық және демократиялық дамуды тарататын көшбасшы мемлекет болуы тиіс. Демократия бұл бір өңірден екінші орынға орналастыра салатын жасанды жасуша емес, ол сол өңірдің өзінен көктеп-өнуі тиіс,-деп атап көрсетті ол.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар