Жаңалықтар

3 шілде 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер басшылары ІІІ съезінің салтанатты жабылу рәсіміне қатысты, аталмыш шара Б.Момышұлы атындағы астаналық саябақта өтті.

Съезд барысында делегаттар мен қонақтар дін лидерлерінің толеранттылыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлемді құрудағы рөліне қатысты мәселелерді талқылады. Секциялық мәжілістерде Съезге қатысушылар «Моральдық және рухани құндылықтар, әлемдік этика», «Үнқатысу және ынтымақтастық», «Дағдарыс кезеңіндегі ықпалдастық» тақырыптары бойынша жұмыс істеді.

 

Барлық Съезге қатысушылар Қазақстанға және Елбасына әртүрлі діндер мен өркениеттердің жолын ұстанушылар арасында диалог орнатудағы күш-жігері үшін ризашылықтарын білдірді.

 

Форум жұмысының қорытындысы бойынша Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІІІ Съезіне қатысушылар әлемдік қоғамдастыққа арнап үндеу қабылдады. Сондай-ақ IV әлемдік діндер съезін 2012 жылы Астанада өткізу туралы шешім бекітілді.

 

Съездің салтанатты жабылу рәсімінде Президент алқалы жиындағы пікірсайыстар Астанаға жиналған барлық рухани көшбасшылардың үнқатысуға дайындығы мен жоғары мүдделілігін тағы бір айқындағанын атап өтті. Съезд делегаттарының сөйлеген сөздерінде алуандас ғаламшардың тағдырына ортақ алаңдаушылық білдіру және елдер мен халықтар, әртүрлі дін өкілдері арасындағы келісім мен өзара түсіністікті нығайту жолын іздестіруге деген ұмтылыс атап көрсетілді.

 

Форумға қатысушылар діннің бейбітшілік пен келісімді, төзімділік пен өзара түсіністікті сақтаудағы, қоғамның адамгершілік негіздерін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті. Оның рөлі қазіргі әлемдік дағдарыстың кезеңінде барынша күшейе түсуде. Сондықтан да рухани бастауларды дағдарыстан кейінгі әлемді құрудағы басты тетіктердің бірі деңгейіне көтеру қажет.

 

Мемлекет басшысы ІІІ Съездің қорытындылары өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды ілгерілетуде өте маңызды сындарлы және тәжірибелік рөл атқаратынына сенім білдірді. Олар адамдарды жақындастырып, әлемдегі дінаралық өзара түсіністікті нығайта түсетіні сөзсіз.

 

- Мәдениетаралық және дінаралық ашық үнқатысу Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының маңызды мәселелерінің бірі болып табылатынын атап көрсеткім келеді, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Мемлекет басшысы барлығына бейбітшілік пен келісім, шабыт пен даналық, бақыт пен игіліктер тіледі.

 

Осыдан кейін Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммад Саид Тантауи сөз алып, форумға қатысушылардың атынан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Съезді ұйымдастырғаны үшін зор алғысын жеткізді.

 

Сонымен бірге, Жоғарғы имам жаһандық конфессияаралық үнқатысуды ұйымдастыруда Съездің маңызды рөл атқаратынын атап өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар