Жаңалықтар

7 мамыр 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Қарулы Күштерінің, құқық қорғау органдарының бірқатар офицерлеріне мемлекеттік наградалар мен әскери шендерді тапсырды.
big-0101.jpg

- Бүгін біз еліміздің Қарулы Күштерінің 15 жылдығын атап отырмыз. Осы қысқа тарихи мерзім ішінде біз тұңғыш рет Қазақстанның Қарулы Күштерін құрдық. Бүгінде біз қиын уақыттарды артқа тастап, өз әскеріміздің құрылғанын мақтанышпен айта аламыз. Оған біздің Қорғаныс министрлігін басқарған және әскердің түрлі бөлімшелеріне қолбасшылық еткен азаматтардың сіңірген еңбегі орасан зор. Осыған байланысты, Ұлы Жеңістің 62 жылдығы қарсаңында бір топ офицерлер мен генералдарға тиісті әскери шендерді тапсыру үшін жиналып отырмыз. Үздік қызметкерлердің ерен еңбегін ескере отырып, мен бүгін бірқатар офицерлерге жоғары әскери атақ беру туралы Жарлыққа қол қойдым, - деді Елбасы салтанатты рәсімнің ашылуында.


Генерал-лейтенант әскери атағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Болат Жанасаевқа және ТМД Лаңкестікке қарсы орталығы басшысының орынбасары Бексұлтан Сәрсековке берілді.


Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев авиация генерал-лейтенанты атағына ие болды.


Президент сондай-ақ 13 офицерге генералдық шендік погондарды өз қолымен табыс етті.


- Өз өмірін Отанға қызмет ету үшін, Отанды қорғау үшін, елдің тыныштығын сақтау үшін сарп етіп жүрген сіздердің еңбектеріңіз ерен. Әр әскери формадағы азаматтың осындай биік дәрежеге жетсем деген арманы болатыны белгілі. Сондықтан, бүгінгі атақ-шендеріңіз барлықтарыңызға құтты болсын! Сіздер Отанымызға, тәуелсіз Қазақстанымызға жан аямай қызмет етеді деп сенемін, - деді Елбасы.


Дәстүр бойынша Отан қорғаушылар күні Мемлекет басшысы бірқатар әскери қызметкерлерге мемлекеттік наградаларды тапсырды.


- Осыдан 15 жыл бұрын менің Жарлығыммен 7-ші мамыр Отан қорғаушылар күні деп жарияланды. Осы жылдар ішінде көп шаруа тындырылды. Біздің еліміздің тәуелсіздігін, шекарасының мықты болуын, елдің ішкі-сыртқы тыныштығын сақтайтын Қарулы Күштеріміз бен құқық қорғау органдарының қызметкерлері екені анық. Бұл аса қастерлі әрі жауапты міндет. Отанымызға адал қызмет етіңіздер, - деді Нұрсұлтан Назарбаев марапаттау салтанатында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар