Жаңалықтар

5 қазан 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ERSAI Caspian Contractor» ЖШС металл конструкциялары зауытының ашылу рәсіміне қатысты.
38.jpg

Президент кеме жасау верфінің аумағын аралап көріп, зауыттың қызметімен танысты.

- Бүгінгі күні сіздердің зауыттарыңыз – Қазақстандағы Каспий теңізі кен орындарына қажетті конструкцияларды дайындай алатын бірден-бір кәсіпорын. Кәсіпорында құрылған мыңнан астам жұмыс орны оған жақын жерде осы зауыт салынған Құрық ауылының еңбекке жарамды тұрғындарының едәуір бөлігін жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Біз мұнай мен газ өндіріп қана қоймай, мен өзімнің Қазақстан халқына Жолдауымда айтқанымдай, елімізде мұнай-сервистік кластерін құра отырып, оларды қайта өңдеу тізбегін дамытуға тиіспіз.

Республикада өндірістік белсенділіктің өсуі Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамыту стратегиясын жүзеге асырудың тағы да бір маңызды нәтижесіне, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартудың қорытындысына айналды. Біздің ортақ міндетіміз – қол жеткізген табысымызды тиянақтап, оны одан әрі еселей түсу, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

«ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» ЖШС-ның Маңғыстау облысы Қарақия ауданында көлемі 50 гектарлық өндірістік алаңдары мен инфрақұрылымы, жағалаудағы жер телімдері бар. Қазіргі кезде компания оның аясында жобалық қуаты жылына 18 мың тонна металл конструкциясын шығаратын Металл конструкциялары зауытын салу жоспарланған «ЕРСАЙ» ЖШС Каспий верфі» жобасын жүзеге асыруда.

Зауыт Каспий акваториясында барлау-бұрғылау қондырғыларының платформаларын орнатуға және теңіз кемелеріне қажетті конструкцияларды даярлайтын болады. Қазіргі кезде құбыр модульдерін шығару жөніндегі цехтың, теңіз айлағының, техникалық қызмет көрсету аймағының, металл құбырларды бетонмен қаптау аймағының құрылысы аяқталды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар