Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

20 сәуір 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Эстония Республикасының астанасы Таллин қаласына мемлекеттік сапармен келді және Эстония Республикасының Президенті Тоомас Ильвеспен кездесті.
01 с Т.Ильвесом

Кездесудің ресми рәсімі «Кадриоргский сарайында» өтті. Мемлекет басшысы Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Рәсім аяқталғаннан кейін шағын және кең құрамда келіссөздер жүргізілді. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және нығайту мәселесін, сондай-ақ халықаралық саясаттағы өзекті мәселелерді талқылады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Эстония Республикасының Президенті Бірлескен мәлімдемеге қолдарын қойды. Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Эстония Республикасы Үкіметі арасындағы инвестицияны өзара қорғау және ынталандыру туралы үкіметаралық келісімге және Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат министрлігі мен Эстония Республикасының Ұлттық мұрағаты арасындағы мұрағат істері саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық келісімге қол қойылды.

Ресми бағдарлама аяқталған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Эстония Республикасының Президенті Тоомас Ильвестің бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.

- Қазақстан Эстониямен ынтымақтастықты дамытуға маңызды мән береді. Тәуелсіздік жылдарында Сіздің еліңіз зор табыстарға жетіп, Еуропалық Одақтың, НАТО мен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының толыққанды мүшесі болды, сондай-ақ жалпыеуропалық валюта евроны қабылдады. Қазақстан-Эстония қатынастарының үдемелі дамуын қуанышпен атап өтемін. Сенімді диалог жоғары деңгейде орныққан, өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары анықталған, келісімшарт-құқықтық базасы құрылған. Бүгін Президент Ильвес мырза екеуміз Бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Онда жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге өзара ұмтылыс көрініс тапқан. Біз Эстонияның Астанада өз Елшілігін ашу туралы шешіміне ризамыз, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда және Эстонияда экономикалық өсімнің жоғары қарқынмен қалпына келгені өзара тиімді сауда қоғалысына қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. 2010 жылы Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда айналымы 37 пайызға өсіп, 74,5 миллион долларды құрады. Осы жағымды үрдісті бекіте түсуде Қазақстан, Ресей және Беларусь Кеден одағының құрылуына байланысты жаңа мүмкіндіктерді ескере отырып, өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыру маңызды.

Қазақстан мен Эстонияның мүдделеріне транзит-көлік әлеуетін белсенді пайдалану жауап береді. Қазақстан эстониялық порттардағы терминал мен тарату орталығын қазақстандық жүктер мен энерготасымалын еуропалық рынокқа жеткізу үшін асу ретінде пайдалануға мүдделі. Мұнда Таллин және Силламэ порттарымен өзара тиімді ынтымақтастық перспективалары бар.

- Қазақстан – Еуропалық одақ үшін өте маңызды ел. Және біз бұл туралы барлық еуропалық құрылымдарда айтып жүрміз. Осыған байланысты Эстония Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықты Қазақстан Республикасы мен ЕО арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жаңа қорытындысы жолымен тереңдетуді қолдайды. Біз осы мемлекеттік сапарға маңызды мән береміз, оның барысында көлік, транзит, энергетика, ауыл шаруашылығы және білім тәрізді салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары анықталатын болады. Қазақстан Орталық Азияда саяси да, экономикалық та жағынан өте маңызды рөл атқарады. Біз Қазақстанның 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалығын, сіздердің елдің Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын және сіздер биылғы жылы төрағалық ететін Ислам Конференциясы Ұйымын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Эстония сондай-ақ Қазақстанның аймақта тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі және Ауғанстандағы көлік жүктерін қамтамасыз етудегі күш-жігерін жоғары бағалайды. Қазақстан-Эстония үкіметаралық комиссиясы жұмысының жандануы көлік пен логистика, энергетика және инновациялық технология тәрізді экономиканың басым бағыттарындағы экономикалық өзара іс-қимылды тереңдету үшін жаңа серпін береді деп үміттенемін, - деді Эстония Президенті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар