Жаңалықтар

1 ақпан 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германияның қоғамдық-саяси және іскер топтары өкілдерімен кездесті.

Кездесу кезінде екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын кеңейту мүмкіндіктері қаралды.


- Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы көшбасшы ел әрі Германияның негізгі әріптесі болып табылады. Қазақстан Президентінің Санкт-Петербургте өткен «Үлкен сегіздік» саммитінің жұмысына қатысуы Нұрсұлтан Назарбаевтың және тұтастай алғанда, Қазақстанның жоғары халықаралық беделін айқындайды, - деді Германия экономикасы шығыс комитетінің басшысы, доктор Клаус Мангольд кездесудің ашылуында.


Нұрсұлтан Назарбаев өзінің сөйлеген сөзінде тәуелсіздік алғаннан бергі жылдардағы Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуы мен елдің сыртқы саяси басымдылықтары туралы әңгімеледі. Қазақстан басшысы Қазақстан мен Германия Федеративтік Республикасының екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.


- Қазақстан экономиканы жаңарту мақсатында Германиядан озық технологияларды тартуға мүдделі. Өз кезегінде, экономиканы әртараптандырудың сапалық жаңа кезеңіне аяқ басқан Қазақстан германиялық компаниялар үшін неміс технологияларын шикізаттық емес секторға тарту жөнінде тиімді әрі сенімді әріптес болып табылады. Осылайша, мен Қазақстан мен Германияның сұраныстары мен мүмкіндіктері сай келетініне кәміл сенемін, бұл екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі дәйекті түрде дамытудың кепілі болып табылады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Бұл күні сондай-ақ Берлиндегі «Адлон» мейманханасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне Германия экономикасы шығыс комитетінің атынан салтанатты қонақасы берілді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар