Жаңалықтар

5 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан әйелдерінің V Форумына қатысты.

big-01.jpg

big-02.jpg

Форум 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына 10 жыл толуына орай болып өтті.


Форумда сөз сөйлеген Президент Қазақстанның барлық әйелдерін көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтады.


Мемлекет басшысы Ұлттық комиссия жұмыс істеген осы жылдар ішінде толымды істер тындырғанын атап өтті. Гендерлік заңнаманың тұтастай топтамасы әзірленіп, жұмыс істей бастады. Қазақстан БҰҰ-ның «Тұрмыстағы әйелдердің азаматтығы туралы» және «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» конвенцияларды, әйелдер мен балалардың құқықтарына қатысты Халықаралық еңбек ұйымдарының бірқатар актілерін ратификациялады.


Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, отбасын нығайту, ана мен баланы қорғау бойынша шаралар кешені іске асырылды. Бала туу мен күтіп-бағуға берілетін жәрдемақының мөлшері бірнеше есе өсті. Бала туғанға берілетін біржолғы жәрдемақылардың мөлшері жыл сайын ұлғайып отыр.


Мемлекет әйелдер бизнесіне белсенді қолдау көрсетіп келеді. Әйелдер басқаратын шағын және орта кәсіпкерлікті несиелендіру бойынша бірақатар жобалар жүзеге асырылды. Соңғы алты жыл ішінде Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржысынан 2 миллиардтан астам теңге игерілді.


Президент Қазақстанда әйелдерге мемлекеттік істерді басқаруға ер-азаматтармен тең дәрежеде қатысуға мүмкіндікті беретін барлық жағдай жасалғанын айрықша атап көрсетті.


- Бұған Ұлттық комиссияның құрамында жұмыс істеген барлық адамдардың зор еңбегінің арқасында қол жеткізілді. Бүгін мен оларға біздің қоғамдағы әйелдердің ахуалын жақсартуға жағдай жасағандары үшін, атап айтқанда, Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне қосқан маңызды үлестері үшін шын жүрегімнен алғыс айтқым келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент әйелдерді, ана мен баланы қолдау жөніндегі шараларды одан әрі іске асыру қажеттігін атап өтті.


Атап айтқанда, ана мен баланы әлеуметтік қолдау аясында 2010 жылдан бастап төрт және одан да көп балалы аналарға берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшері 68 мың теңгеге дейін ұлғайтылады. Келесі жылдан бастап бала күтімі үшін берілетін ай сайынғы жәрдемақы орташа есеппен 20 пайызға көбейеді. 2010 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы енгізіледі.


Көп балалы аналарды қолдау мақсатында құрметті ана атағын беру тәртібі қайта қаралады. 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» наградасын он бала емес, жеті бала тәрбиелеп отырған аналар алатын болады. Ал «Күміс алқа» наградасымен алты баланы тәрбиелеп өсірген аналар марапатталады. Осындай награларға лайықты көп балалы аналар ай сайын 8 мың теңгеден астам мөлшерде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алатын болады.


Мемлекет басшысы Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға әйелдердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін нақты шараларды қолға алуды тапсырды. Оларды қайта даярлау мен жаңа мамандықтарға оқыту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс.


Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына алдағы жылдары әйел кәсіпкерлігін, әсіресе ауылды жерлердегі әйелдердің жобаларын қаржыландырудың арнайы бағдарламасын жасау тапсырылды.


Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының назарын әйелдерді мемлекеттік және қоғамдық жұмыстарға белсенді ұсыну қажеттігіне аударды.


Нұрсұлтан Назарбаев неке және отбасы институтын нығайту, оның беделін арттыру және адамгершілік құндылықтарды жаңғырту мақсатында отбасылық құндылықтарды, отбасы және неке институтын, көпбалалықты насихаттау қажеттігін атап өтті.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінқараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар