Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

1 қыркүйек 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сайланымдағы бесінші сессиясын ашып, Сенат пен Мәжіліс депутаттары алдында сөз сөйледі.

01

02

03

Президент «бұл сессия қастерлі Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі тойына орайлас келіп отыр» деп атап өтті. Біздің барлық жетістіктеріміз еңбектенуді көп қажет ететін заң шығарушылық жұмыссыз мүмкін болмас еді. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттің дамуына үлес қосқаны үшін депутаттарға ризашылығын білдірді.

Сонымен қатар, Президент «біз таяу жылдары бейқамдық танытатын уақыт емес екенін түсінуіміз керек», деп атап өтті. Әлем дамуының күрделігі айқын сезілуде. Жаһандық экономиканың үрдісі ұнамсыз сипат алуда. Аштыққа, заңсыз көші-қон, індеттер, кикілжіңдерге байланысты қауіптер арта түсуде. Әлемдік ақпараттық кеңістік «ұрыс алаңына» айналуда. Геосаяси өзгерістер алаңында этносаралық және дінаралық кикілжіңдер артуда. Халықаралық тероризмнің жаңа тегеурінің қауіп-қатері жоғары болып отыр.

- Жаңа қауіп-қатерлерге қарсы мемлекет пен қоғамды, өз экономикамызды нығайту - біздің ортақ парызымыз. Барлық билік тармақтарының, соның ішінде Парламенттің алдағы жұмысының басты мақсаты – міне, осында, - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан дамуының ағымдағы және стратегиялық жоспарларын есептей отырып, Президент бесінші сессия барысында Парламент алдында тұрған заң шығармашылық міндеттің төрт блогын атап көрсетті.

Міндеттің бірінші блогы – бұл инновациялық үдерісті, әсіресе басым салаларды ынталандыратын заңнамалық норма. Бұл үшін тәуекелдерді төмендететін бөлігіндегі банктік қызмет пен қаржы ұйымдарын реттеу туралы, «Халықтық IPO» бағдарламасын іске қосу үшін құқықтық базаны құру туралы «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «Энергияны үнемдері мен энергия тиімділігін арттыру туралы» заңдардың жобаларын қарау қажет. Бұдан басқа, мемлекеттік органдар тарапынан тіркеу сәтінен бастап 3 жыл мерзімге дейін бизнестің жаңа субъектілеріне арналған жоспарлы тексерістер жүргізуге заңнамалық тиым салуды қабылдау қажет. 2012-2014 жылдарға арналған үшжылдық бюджетті қалыптастыруға дәйекті және ойланып бару қажет.

Екінші блок – бұл әлеуметтік жаңғырту процесін заңнамалық қамтамасыз ету. «Білім туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу және интеллектуалдық меншіктік нарықты дамыту үшін заңнамалық базаны құру, Еңбек кодексін жаңғырту қажет.

Үшінші блок – құқық қорғау органдары мен сот төрелігін реформалауды заңнамалық негізде кеңейту. Ұйымдасқан қылмыспен күрес саласындағы қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру, сот жүйесін нығайту, жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру туралы бірқатар заң жобаларын қарау керек. Сондай-ақ Парламент алдында «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңның жаңа редакциясын және «Арнаулы мемлекеттік органдар туралы» заң жобасын талқылап, қабылдау міндеті тұр.

Төртінші блок – отандық БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарды дамыту. Осы бағытта «Телерадиохабарларын тарату туралы», «Діндер және діни бірлестіктер қызметі туралы» заңдар жобаларын қарау, мемлекет пен үкіметтік емес сектордың өзара іс-қимылының құқықтық нормаларын күшейту қажет.

Президент жоғарыда атап өтілген барлық заңдардың қабылдануы Қазақстан Тәуелсіздігінің мықты құқықтық кепілі болып табылатынын атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық Декларациясын қабылдау туралы Парламент басшылығы мен депутаттардың бастамасына қолдау білдіріп, ол біздің қоғамды топтастыруда жаңа маңызды құжатқа айналатынына сенім білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің бесінші сессиясы – біздің тарихымызда қазіргі құрамы алғаш рет партиялық тізім бойынша сайланған Мәжілістің жұмысын қорытындылайтын жауапты кезең екенін атап көрсетті.

- Парламенттің төртінші сайланымының саяси өзегі – «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттарына алғысымды айтқым келеді. Сіздер өз қызметтеріңізде парламенттік қызметтің жоғары үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл Қазақстанның барлық партиясы үшін сайлаушылар алдында үлкен жауапкершіліктің айқын дәлелі. Келесі сайлаудан кейін, заңға сәйкес, Мәжіліс кемінде, екі партиялы болады. Біздің жас демократияның дамуында жаңа кезең басталады, - деді Мемлекет басшысы.

Президент сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар