Жаңалықтар

1 маусым 2010
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі алдындағы саябақта орнатылған «Керей мен Жәнібек» мүсіндік-көркем композициясын ашты.
01.06.2010

Президент рәсімді ашу барысында 15 ғасырдың екінші жартысында біздің бабаларымыз Керей мен Жәнібектің туы астына топтасып, тарихта алғаш рет дербес мемлекетін – Қазақ хандығын құрғандығын атап өтті.

- Нақ сол кезде тарих сахнасына шыққан «қазақ» деген сөз «егемен, еншісін алған еркін ел» деген мағына береді. Біз өз тарихымызда Керей мен Жәнібектің қазақ мемлекеттігінің негізін қалауға қосқан үлестерін ерекше бағалаймыз. Сондықтан бүгін зор ризашылығымыз бен құрметіміздің белгісі ретінде біз осы ескерткішті ашып отырмыз. Бұл үшін символдық ерекше мәні бар орын таңдалды. Осы жерде 1997 жылы желтоқсанда Тәуелсіз Қазақстан Республикасының жаңа астанасы орнықты, - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның елордасында осынау тарихи тұлғаларға мәңгілік ескерткіш орнату тарихи-мәдени мұраларымызды қастерлеп, қадір тұтқан бүгінгі ұрпақ құрметінің айқын белгісі екенін атап өтті. Астанада Кенесары ханның ескерткіші, қазақтың үш биінің ескерткіші және өзге де монументтер бой көтерген.

- Оның барлығы азаматтарымыздың, әсіресе жастардың бойында патриоттық сезімді және Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, біздің тарихи жадымызды бекіте түсуге ықпал етеді, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақ хандығының іргесін қалаған Керей мен Жәнібекке ескерткіш еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен орнатылды.

Ескерткіштің жалпы биіктігі 12 метр. Жобаның авторы - астаналық жас мүсінші Ринат Әбенов.  

Президент сөзінің мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар