Жаңалықтар

6 маусым 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Малайзия Премьер-Министрі Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разақпен кездесті.
01

Ақордада өткен кездесудің ресми рәсімінен кейін шағын және кең құрамда келіссөздер жүргізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Малайзия Премьер-Министрі Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разақ халықаралық және аймақтық ұйымдардағы екі жақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықтың ең өзекті мәселелерін талқылады.

- Премьер-Министр мырза, Қазақстанға, біздің жаңа елордамыз Астанаға келгеніңізге шынайы ризашылығымды білдіремін. Мен үнемі Малайзияға деген шынайы сезімді бастан өткеремін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында,  1996 жылы мен сіздердің елге сапармен бардым. Өте үлкен әсерге бөленгенім әрдайым есімде. Біз тәуелсіз ел болған алғашқы кезден қандай жолмен жүретініміз туралы мәселе тұрды. Сол уақытта доктор Махатхир Мохаммад мені сіздердің экономикамен және реформаларыңызбен кеңінен таныстырды. Бұл Кеңес одағының тарап, біз елімізде жаппай жекешелендіру жүргізе бастаған кезең еді. Бұдан кейін де жоғары деңгейде бірнеше тәжірибе алмасу болды. Малайзия Премьер-Министрі, мемлекет басшысы, министрлер Қазақстанда болды, яғни байланыс үзілген жоқ. Біздің елдеріміз арасында тарих, демография, экономикалық даму жағынан ұқсастықтар өте көп. Сіздер аграрлық елді көпұлтты халықтың көмегімен бүгінгі деңгейге көтере алдыңыздар. Біз қиырдағы Кеңес одағы құрамында болдық, одан кейін қиындықтармен бетпе-бет қалып, тәуелсіз мемлекет құрдық. Сіз бүгін біздің Премьер-Министрмен кездестіңіз, біздің істерімізден хабардар болған боларсыз деп үміттенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесудің ресми бөлігі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Малайзия Премьер-Министрі Дато Шри Мохд Наджиб Тун Абдул Разақ брифинг өткізді.

- Біз менің шақыруым бойынша алғаш рет келіп отырған Премьер-Министр Наджиб Разақтың ресми сапарына үлкен мән береміз және оны біздің қарым-қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін маңызды қадам ретінде қарастырамыз. Малайзия біз төрағалық етіп отырған Ислам Конференциясы Ұйымын құруда үлкен рөл атқарды. Бұл ұйымды басқарудағы Малайзияның тәжірибесі біз үшін өте маңызды. Бүгін біз Премьер-Министр мырзамен жетінші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форуымын және осы айдың аяғында Астанада өтетін Ислам Конференциясы Ұйымының Сыртқы істер министрлері Кеңесін өткізуге байланысты мәселелерді талқыладық. Малайзияның Қазақстанның ИКҰ-на төрағалығына көмек көрсету туралы келісімге қол жеткіздік. Қазақстан мен Малайзия өз дамуында әлемдік қаржылық дағдарыс салдарларын табысты еңсеріп, таңданыс тудырарлық жолдан өтті. Малайзия 1957 жылы тәуелсіз елге айналды. Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің даму жолын жалғастырған бұл аграрлық ел Азия жолбарыстары атанды. Біз стратегиялық жоспарлауда және экономиканы дамытуда көп тәжірибе алдық. Бүгін біз келешектегі дамуымызға бағытталған, ең алдымен, сауда-экономикалық қатынастардың жаңа кешенді шараларын белгіледік. Біздің елдердің өзара сауда көлемі 100 миллион доллардан асты. Өткен жылғы көлем 30 пайызға артты, бірақ бұл біздің елдеріміздің әлеуетті мүмкіндіктеріне сай емес. Біз бірлескен сауда-экономикалық комитет жұмысын жаңарту, Іскерлік кеңес туралы келісімге келдік. Малайзиялық компаниялар энергетика, минералдық ресурстарды өндіру, мұнайхимия, ауыл шаруашылығы, құрылыс пен қаржы сааларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып отыр. Біз малайзиялық бизнестің Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға қатысуына мүдделіміз. Көмітсутек шикізатын терең өңдеу, ауыл шаруашылығы мен халал индустриясы салаларындағы ынтымақтастықтың келешегі бар. Бүгін Жамбыл облысында ауыл шаруашылғындағы саладағы ынтымақтастық жөніндегі Келісімге қол қойылды. Мал өндірістік кешені салынатын болады. Малайзияда ислам банкингі жақсы дамыған. Біз оны үйреніп, бұл қаржыландыру құралын өз елімізге ендіретін боламыз. 2009 жылы осы елмен тікелей әуе қатынасы ашылды. Содан бері мыңдаған қазақстандықтар Малайзияға барып демалып қайтуда. Біз бұл жұмысты да жалғастырамыз. Біздің 2000 студентіміз осы елде білім алуда. Халықаралық саясатқа келсек, біздің елдеріміз ұқсас ұстанымда. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымын дамыту мәселесі бойынша, Қазақстанның АСЕАН Өңірлік форумына қосылуы жөнінде өзара іс-қимыл жөнінде бірдей көзқарастамыз. Қазіргі уақытта Малайзия бақылаушы мәртебесіне ие болып отырған Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті одан әрі дамыту мәселесі талқыланды. Малайзияның бұл Ұйымға тұрақты мүше болуы да мүмкін. Мен Малайзия делегациясына Астанаға қош келдіңіздер деймін. Жетінші Ислам экономикалық форумы аясындағы жұмыстарыңызға жеміс тілеймін. Біз экономика, саясат пен мәдениеттің барлық бағыттары бойынша ынтымақтастық және достық байланыстар орнатуға дайынбыз. Премьер-Министр мырза, қош келдіңіз! – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

- Ең алдымен, мен Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа және Қазақстан Үкіметіне алғысымды айтамын. Бұл менің сіздердің елге алғашқы ресми сапарым. Сонымен бірге маған, менің жұбайым мен малайзиялық делегация мүшелеріне көрсеткен қонақжайлық пен ықыласты қабылдау үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстанға сапарым біздің елдеріміз арасында орныққан тығыз екі жақты байланыстарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі жақтың мүдделерін білдіретін салалардағы өзара ынтымақтастық саласын кеңейтуге Малайзияның ниетті екенін тағы да қуаттайды. 1992 жылы дипломатиялық қарым-қатынастар орныққаннан бастап, біз Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық серіктесіміз ретінде қабылдадық. Біз елдеріміз үшін өзара тиімді болып табылатын салаларда Қазақстанмен тығыз жұмыс істей беретінімізге сенімдіміз. Ең алдымен Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен, одан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен өте жемісті келіссөздер жүргізілді. Екі кездесу де бізге екі жақты қарым-қатынастар мәселесін, аймақтық және халықаралық күн тәртібін талқылауға мүмкіндіктер берді. Мен Президент Н.Назарбаевтың әсіресе, астананы ауыстыру туралы өз идеясын жүзеге асырғанына және Астана құрылысын дамытудағы бастамасына қатты таңдандым. Жаңа астананың дамуы шындығында таңданыс тудырады. Мен Астана Қазақстан халқының ұзақ жылдар бойы мақтанышына айналатынына сенемін. Президент мырза, мен Сіздің сөзіңізді толық қолдаймын. Экономикалық ынтымақтастықты, әсіресе, сауда мен инвестицияны ұлғайтуда үлкен әлеуеттеріміз барына сенемін. 2009-2010 жылдары сауда көлемі 38 пайызға артып, жалпы алғанда, сауда айналымының көлемі 100 миллион АҚШ долларын құрағанмен, бұл көрсеткіш біздің елдеріміз арасындағы сауда бойынша қол жеткізетін әлеуетті көрсетпейді. Екі ел бірлесіп жұмыс істеу арқылы сауда айналымын жаңа деңгейге жеткізеді деп үміттенемін. Біз бүгінгі кездесуіміз барысында бірлескен кәсіпорындар, екі жақты жобаларды бастау қажеттігі туралы шешім қабылдадық. Малайзия мен Қазақстанның жекеменшік секторының өкілдері Қазақстан мен Малайзия инвестиция салатын жобаларға қатысатынына сенемін. Біз анықтаған сондай саланың бірі – ислам банкингі. Ислам банкингін дамыту жөніндегі малайзиялық тәжірибеге қазақстандық үкімет үлкен қызығушылық танытып отыр. Малайзия ислам банкингі бойынша тренинг ұйымдастыруға дайын. Біз осы салада Малайзия көшбасшы болып саналатындықтан, бұл саладағы білімімізді, тәжірибемізді үйрету үшін қазақстандық делегацияны Малайзияда қабылдауға әзірміз. Сонымен бірге мен Қазақстан Үкіметіне егер ниет болған жағдайда, тәуелсіз сукук шығаруға көмек көрсету және Малайзияны осы құнды қағаздарды қаржыландыратын ел ретінде қарастыру туралы ұсыныс айттым. Мұнай мен газ саласына қатысуға шақырғаны үшін Президентке алғыс айтамын. «Петронас» компаниясы Қазақстандағы жобаларға келешекте қатысуды, оның орнына қазақстандық компаниялардың әлемнің өзге бөлігіндегі «Петронас» жобаларына қатысу перспективасын қарастыратын келіссөздерді бастады. Сонымен қатар Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша Малайзия Астанада үлкен ғимарат тұрғызуды ниет етіп отыр. Бұл малайзиялық дизайн, архитектура үлгісінде салынатын қонақ үй болуы мүмкін. Бұл біздің Астананы дамытуға қосқан үлесіміз болмақ. Біз Президенттің бұл ұсынысын оң қабылдаймыз. Малайзиялық компания қонақ үй құрылысын жоспарлауды таяу уақытта бастайды. Бұл біздің елдеріміздің арасында орныққан мықты достық қатынастардың символы болмақ. Біз сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылды талқыладық. Қазақстанның оңтүстігінде мал шаруашылығы бойынша ауыл шаруашылығын дамыту туралы меморандумға қол қойылды. Малайзия Қазақстанды Орталық Азия аймағындағы халал хабы ретінде қарастырады. Малайзия әрдайым әлемдік халал орталығы рөлін атқарып келді, енді Қазақстан Орталық Азияда осы рөлді атқара алады деп ойлаймын. Біз Қазақстан мен Малайзияның жекеменшік секторлары инвестиция саласында тұрақты өзара іс-қимыл орнатып, мүмкіндіктерді талқылап тұру үшін елдеріміз арасында Іскерлік кеңес құру туралы шешім қабылдадық. Біз сыртқы саясаттағы мәселелерді талқыладық. Қазақстанмен көптеген халықаралық форумдарда, әсіресе өткен жылғы ЕҚЫҰ-ға және биылғы жылы ИКҰ-на төрағалығын ескере отырып, бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін тағатсыздана күтеміз. Малайзия Қазақстанның ИКҰ-на төрағалығын тиімді өткізуі үшін сіздердің елдеріңізге қолдау көрсетуге дайын. Біз сондай-ақ аймақтық оқиғаларды, Таяу Шығыстағы оқиғаларды талқыладық. Қазақстан мен Малайзия көптеген халықаралық мәселелер бойынша ортақ ұстанымда. Жалпы алғанда, мен келіссөздердің табысты жүргізілгеніне өте ризамын. Бұл келіссөздер өте өнімді, нәтижелі болды. Біз қарым-қатынастарымызды тереңдету үшін осы келіссөздердің нәтижесі бойынша жұмысты жалғастыратын боламыз. Қазақстан халқы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ел алдына қойылған ұзақ мерзімдік міндеттерге қол жеткізетініне сенемін. Малайзия алдағы уақытта да Қазақстанның сенімді досы бола береді. Біз екі елдің игілігі үшін бірге жұмыс істейміз. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлығы мен жылы шырайлы қабылдауы үшін тағы да рахмет айтамын және Астананы, жалпы, күллі Қазақстанды дамытуда қол жеткізген зор жетістіктерімен құттықтаймын! – деді Малайзия Премьер-Министрі Наджиб Разақ.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар